Қазақстандық дипломатқа «Пәкістан жұлдызы» марапаты тапсырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Пәкістан Президентінің атынан қазақстандық дипломат Бақытбек Шабарбаевқа «Ситара и-Пәкістан» («Пәкістан жұлдызы») марапатын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бақытбек Шабарбаев 11 жыл бойы Қазақстанның Пәкістандағы елшісі лауазымын атқарды. Осы қызмет жолында екі ел арасындағы тауар айналымы бірнеше есеге артты. Айта кетсек, 1992 жылы Пәкістанда Қазақстан елшілігі ашылған кезде сол команданың мүшесі болған. Жалпы ол біздің елде 20 жылға жуық уақыт қызмет етті. Осы орайда одан үлгі аларлық жағдайлар баршылық. Бұл ретте Бақытбек Шабарбаев біз үшін үлкен құрмет пен абыройға ие», - деді Пәкістан Ислам Республикасының елшісі Саджад Ахмед Сихар.

Сонымен қатар ол Б. Шабарбаевтың Қазақстан мен Пәкістан арасында қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін ескере отырып, Пәкістан Президенті «Ситара и-Пәкістан» марапатын табыстау шешімін жасағанын атап өтті.

«Бұл марапат 2020 жылы табысталуы тиіс еді. Алайда тиісті себептерге байланысты Бақытбек мырза Пәкістанға бара алмай қалды. Сондықтан бұл марапатты бүгін Нұр-Сұлтан қаласында табыстау рәсімін ұйымдастырдық. Пәкістан Президенті атынан Қазақстанның белгілі дипломатын марапаттау біз үшін зор мәртебе», - деді Саджад Ахмед Сихар.

«Ситара и-Пәкістан» - ол аталған елдің жоғары азаматтық марапаты болып саналады. Оны Пәкістан Президенті шетел азаматтарына ерен еңбегі үшін табыстайды.

Еске сала кетейік, 2018 жылы қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Бақытбек Сейсебайұлы Шабарбаев Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Бангладеш Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды. https://kaz.inform.kz/news/kazakstannyn-pakistandagy-zhana-elshisi-tagayyndaldy_a3133592

Бақытбек Сейсебайұлы Шабарбаев 1954 жылы 1 қарашада Алматы облысының Көктал ауылында дүниеге келген. Алматы педагогикалық шетел тілдері институтын, Халықаралық қатынастар дипломатиялық шетелдік қызмет академиясын (Пәкістан) бітірген.

Комсомол қызметінде, орта мектептің мұғалімі болды. 1994 жылдан - ҚР-ның Пәкістандағы елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, Карачидегі ҚР Консулдық пунктінде бірінші хатшы, кеңесші болды. 2002 жылдан ҚР СІМ консулдық қызметі департаментінің кеңесшісі. 2004 жылдан ҚР Дипломатиялық миссиясының кеңесшісі. ҚР-ның Чех Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі. 2005 жылдан - ҚР-ның Таиланд Корольдігіндегі уақытша өкілі - БҰҰ-ның ЭСКАТО жанындағы ҚР өкілі. 2006 жылдың маусымынан 2018 жыл аралығында Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Бірнеше медальдармен, ҚР СІМ құрмет грамотасымен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар