Қазақстандық десантшылар қалай шынығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әскери қақтығыстар кезінде десантшыларға қашанда жауапты әрі ауыр міндеттер жүктелген. Жаудың шебін бұзу, парашютпен шайқастың қақ ортасына кіру, тұтқынға түскендерді құтқару, соңғы демің қалғанша қорғанысты ұстау сияқты жанқиярлық шаралар дәл осы аэромобильді әскерге тапсырылады. Олар «шегіну» деген сөзді білмейді. «Бізден басқа ешкім емес!» деп ұран салған десантшылар талай әскери операцияларды сәтті орындай білді. Сол себепті «элиталық әскер» болып саналады. Оның құрамында әскери борышты өтеу де үлкен абырой. ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аэромобильді әскеріне қарасты Астанадағы №68665 бөлімшесінде болып, жас сарбаздардың дайындығымен танысып қайтты. 

Шыны керек, десант болу оңай емес. Жаңадан келетін сарбаздарға нақты талаптар қойылады. Соның барлығын орындай білу керек. Қатардағы жауынгер Жандос Еркінбайұлы да бас кезінде ауыр болғанын айтып отыр. «Таңғы 6.30-да тұрудың өзі оңай болған жоқ. Сосын үйде сияқты төсекте керіліп жата алмайсын. Сені екі-үш рет ешкім шақырмайды. Бұйрық берілді ме, болды, атып тұрып, орындау қажет. Сөйтіп, таңертең тұрғаннан спорттық жаттығулар, тактикалық дайындық, әскери техниканы жүргізу, қару-жарақтан ату болып жалғаса береді. Мен өзім алты айдың ішінде көп нәрсеге үйрендім. Өмірге басқаша қарай бастадым», - дейді Ж.Еркінбайұлы.

Десантшылардың дайындығына қатаң талаптар қойылады. Мәселен, бас кезінде әрбір сарбаз білтемірге 15 тартылуы шарт. Ал алты айдан кейін аталған көрсеткішті 18-ге дейін жеткізу керек. Сол сияқты бастапқыда 3 шақырымға 12 минут 10 секунд беріледі. Алты айдан кейін аталған қашықтықты 11 минут 04 секундта жүгіріп шығу қажет. Ал 100 метрге 12-14 секунд қана беріледі. Оқ атудың талаптары да жоғары.
null

Жаттығулар кезінде оқ бойы озық шыққандар назардан тыс қалмайды. Барлығына үлгі болсын деп, казармадағы стендтерге фотоларын шығарып отырады. Біз барғанда қатардағы сарбаздар - Саян Аймағамбетов, Мәди Құянбаев пен Азамат Алпыстың суреттері тұрды. Үшеуі де білтемірге 25-26 рет тартылған. Ал Нұрым Кабделов пен Александр Широков оқ атудан 92-96 ұпай жинай білді.

null

Үздік сарбаздардан бөлек стендке десантшылардың абыройына кір келтірген әскерилерді де шығарып қойған. Олардың ішінде сотты болған және әскери тәртіпті бұзғандар бар. Шекесіне: «Олар бізді артқа тартады!», - деп жазып қойды. Ол да тәрбие берудің бір құралы.

Әскери жарғыдан бөлек сарбаздардың тәртібіне қатысты 25 талап бар. Атаған талаптардың барлығы осы уақытқа дейінгі әскери тәжірибенің негізінде жазылды. Мәселен, түнгі уақытта кезекші ауысымның жеке паролі болуы тиіс. Дәл осы талапқа қатысты бір оқиға болған екен. Бір ретте жоғары жақтан келген бір генерал түнгі парольдің бар-жоғын тексеремін деп, жалғыз өзі кезекші сарбазға жақындап барғанда анау бірден қаруын кезеп, пароль сұраған көрінеді. «Мен генералмын ғой! Мені танымадың ба? Қайдағы пароль?» деген сөздерге қараған да жоқ, пароль айтуды талап етті. Сол үшін генералдың алғысын алды. Басты талаптардың біреуін мүлтіксіз орындағаны үшін оған 10 күндік демалыс та берілді.
null

25 талаптың ішінде әлімжеттік пен суицидке қарсы бірлескен шаралар да бар. Мысалы, тәртіпті бұзуға, кемсітуге, қызметтен жалтаруға бейім әскери қызметшілер бақылауға алынады. Сосын тағы бір талапта: «Әскери қызметшілерде кредиттің, қарыздардың, берешектердің болуын анықталсын. Олардың қаржылық жағдайына мониторинг жасалсын және оларға қажетті көмек көрсетілсін», - деп жазылған. Сонда әскери қызметшіде қарыз болса, оған қалай көмектеседі? Бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі уақытша орынбасары, капитан Мұрат Әбілқадыровтың айтуынша, әскери қызметшінің қаржылық мәселесін шешудің сан алуан жолдары бар. Жалақысын алдын ала төлеп беруге болады, я болмаса, басқа да жолдарын қарастыруға мүмкіндік бар. Десантшылар қиын жағдайға тап болған өз қатарластарын ешқашан қалдырмайды. Ондайда «200 вариантов» деген қағида бар екен.    

Осы орайда «Жауынгерлік дос» атты бастаманы да ерекше атап өткен жөн. Соның арқасында жауынгерлердің өзара жауапкершілігі артты. Ал, ең бастысы, әлімжеттік мен суицидтің деңгейі төмендеді. «Бұл - жаңа жүйе. Оны жақында ғана әскерге енгізді. «Жауынгерлік достың» негізгі мақсаты - сарбаздарды бір-біріне жауапты ету арқылы сан алуан тәртіп бұзушылықтарды болдырмау, суицидке жол бермеу. Ол жүйе қалай істейді? Мәселен, жас сарбаз әскерге келген бойда алдымен психологтармен сұхбаттасады. Одан кейін әрбір сарбаздың жауынгерлік досы бекітіледі. Олар бір-бірімен жиі сөйлесіп тұрады. Отбасыда, я болмаса, сарбаздың өзінде бір мәселелер туындап жатса, оның бәрі жауынгерлік досы білуі тиіс. Қиын жағдайда көмек беріп, басшылықты дер кезінде хабардар етуі шарт. Осылайша, жауынгерлер бір-біріне жауапты болады, олардың арасындағы достық та күшейеді. Негізі, аталған жүйені әскерге енгізгелі бері әлімжеттік пен суицид күрт төмендеді», - деп атап көрсетті М.Әбілқадыров.  
null  

Бұдан бөлек, казармада адамның әрбір мүшесіне зақым келтірген жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы ақпарат бар. Сарбаздар үшін  арнайы кітапшаларды да шығарып қойған. Олар бәрін өзімен бірге ұстап жүреді.  
null     

Сосын мерзімді әскери қызмет бойынша келген барлық сарзбаздар бөлек ғимаратта жатады. Мәселен, «Алдаспан» десанттық-шабуылдаушы батальонның өз ғимараты бар. Жаңадан келген сарбаздардың барлығы сол жерде орналасады. Ол ғимарат түнде жабылады. Ал келісімшартпен келетіндер бөлек ғимаратта тұрады. Сол себепті жас сарбаздарға ешкім әлімжеттік жасай алмайды.

null«Алдаспанның» жігіттері кәдімгідей бір отбасының балалары сияқты тұрады. Бірге оянады, бірге тамақтанады, әскери өмірдің ауырпалықтарын бірге көтереді. Жандос Еркінбайұлымен бірге әскери борышын өтеп жүрген Сүндет Тасболат шаш алудың шебері болып алған. Ротада 80 адамның шашын он күнде бір рет алып тұрады. «Өзім шаш алуды білген жоқпын. Осында келіп үйрендім. Күнде бес адамның шашып алып тұрамын. Бізде кешкі тамақтан кейін бір жарым сағаттай бос уақыт болады. Сол кезде жігіттердің шашып алып беріп отырамын», - дейді С.Тасболат.

nullВзвод командирі Нұрсұлтан Шүкірқарының айтуынша, қазіргі жастардың әскерге деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Жаңадан келетін сарбаздардың арсында спорттық дайындығы жоғары, әскери өмірге бейім жастар көп.  «Негізі, осы әскери бөлімнің атқаратын шаралары өте маңызды әрі жауапты. Жас сарбаздарды іріктеуге де жоғары талаптар қойылады. Біріншіден, жас ерекшелігі - 18-24. Бойы мен салмағы да әскери өмірге лайықты болуы тиіс. Сосын спортқа деген құлшыныстары жоғары болуы қажет. Жауынгерлік тапсырманы орындау қабілеті де ескеріледі. Себебі біздің арнайы мақсаттағы  «Алдаспан» десанттық-шабуылдаушы батальонымыз әскери бөлімде көптеген шараларға қатысады. Астана қаласында қауіпсіздік қызметтерімен бірлесе отырып, басқа да шараларға атсалысып отырады», - дейді Н.Шүкірқары.

Биыл Астанадағы №68665 десанттық-шабуылдаушы бригаданың құрылғаны 15 жыл толады. Осы уақыттың ішінде бұл жерде мыңдаған сарбаз әскери дайындықтан өтіп, үлкен өмірге жолдама алды. Біреулер әскери жолын жалғастырса, енді біреулер басқа салаға бет бұрса да, досқа адал, антқа берік болуды үйреніп шықты.
null

Соңғы жаңалықтар