Қазақстандық делегация Синдзо Абэні мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты

None
ТОКИО. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Синдзо Абэні мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресми рәсімге 6 мыңнан астам адам, оның ішінде Жапонияның жоғары лауазымды саясаткерлері, Парламент депутаттары және 200-ден астам ел мен халықаралық ұйымдардың шетелдік делегациялары қатысты. Бұл – ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін ел тарихындағы бұрынғы премьер-министрді екінші мемлекеттік жерлеу рәсімі болды. 1967 жылы Жапония елі Ёшида Сигэрумен қоштасқан болатын. С. Абэ Жапонияның Премьер-Министрі лауазымында ең ұзақ қызмет еткен көрнекті саясаткер ретінде өз халқының есінде қалды.

Іс-шара соңында Қазақстан делегациясының басшысын Жапония Премьер-Министрі Фумио Кишида қабылдады. Мұхтар Тілеуберді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің және Қазақстан халқының атынан көңіл айтты.

Министр Жапонияның аса көрнекті көшбасшыларының бірі болған С. Абэның Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын дамытуға қосқан ерекше үлесін атап өтті.

С. Абэ 2015 жылы Қазақстанға ресми сапармен келді және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарудың бастамашысы болды.

Фумио Кишида Қазақстан халқына қолдағаны үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жолдады.

Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Синдзо Абэні мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысу үшін Токиоға барғаны хабарланған еді.

Еске салсақ, Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Синдзо Абэні белгісіз біреу атып кеткен болатын. Арада бірнеше сағат өткенде экс-премьер ауруханада көз жұмды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Синдзо Абэнің қастандық әрекет салдарынан қаза болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдап, Жапония Премьер-министрі Фумио Кишидаға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жапония елшілігіне барып, көрнекті саяси қайраткер, бұрынғы Премьер-Министр Синдзо Абэнің қаза болуына байланысты осы елдің халқына көңіл айтты.







Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар