Қазақстандық дәрігерлер Түркияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – 22-25 сәуір күндері аралығында Түркияда дәрігерлер арасында шағын футболдан әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркияда дәрігерлер арасында футзалдан екінші әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Оған әлемнің бірнеше елінен 200-ге жуық ақ халатты қатысты.
«Қазақстан құрама командасында Ақтөбе облыстық перинаталдық орталықтың неонатологі Асхат Жұмаев, Ақтөбе медицина орталығының нейрохирургі Руслан Қажғалиев және кардиореаниматолог Арман Амзеев бар. Салауатты өмір салтын насихаттап, дәрігерлер арасында шағын футболды дамыту мақсатында ұйымдастырылған әлем біріншілігі кезінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жарысқа барлығы 8 команда қатысты. Бірінші орынды Қазақстан, екінші орынды Өзбекстан, үшінші орынды Украинаның дәрігерлер құрамасы еншіледі.
«Түркияда өткен жарысқа қатысу үшін 2 ай бойы дайындық жүргіздік. Өзіміздің жаттықтырушымыз да болды. Бір ерекшелігі, Қазақстан құрама командасы деп айтқанымызбен, Ақтөбе мен Жамбыл облысынан 9 адам жиналды. Оның жетеуі ақтөбелік. Жарыс өте қызықты өтті. Өткен жылы Польшаның Краков қаласында ұйымдастырылса, биыл Түркияның Анкара қаласы таңдалды»,- деді команда капитаны Руслан Қажғалиев.


Соңғы жаңалықтар