Қазақстандық бойжеткен санавиациямен Санкт-Петербургтен Астанаға жеткізілді

Автор:  
Аян Бекенұлы

Қазақстандық бойжеткен санавиациямен Санкт-Петербургтен Астанаға жеткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Санитарлық авиацияның борты ауыр жағдайдағы Қазақстан азаматын шетелден Отанына алып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2018 жылдың 21 сәуірі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:54-де ауыр жағдайдағы бойжеткен ҚР санитарлық авиацияның көмегімен Республикалық нейрохирургия орталығында емін жалғастыру үшін Астанаға жеткізілді», - делінген хабарламада.

Ведомство келтірген мәліметке сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне 1993 жылы туған Қазақстан азаматының ата-анасынан өтінім келіп түскен. Бойжеткен РФ ТЖМ-нің Санкт-Петербург қаласындағы А.М.Никифоров атындағы Бүкілресейлік шұғыл және радиациялық медицина орталығында жатқан. Ол жерге Қазақстан азаматы ауыр жағдайда шұғыл түрде жеткізілген.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, азаматты Отанына қайтару мәселесі бойынша бірқтара шұғыл шараларды жүргізген. Қолға түскен медициналық құжаттардың негізінде санитарлық авиацияның күшімен Қазақстан азаматын авиатасымалдау үшін санавиация бортын жіберу туралы комиссия шешімі қабылданды.

Еске сала кетсек, өткен жылдың өзінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық авиация қызметінің күшімен 2600 пациентке көмек көрсетілген болатын. Олардың 11-і ауыр жағдайда еді.


Фото: voxpopuli.kz




Серіктестер жаңалықтары