Қазақстандық боксшылардың WBA рейтингіндегі орны анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы рейтингінің жаңарған нұсқасы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Сонымен аса ауыр салмақ рейтингінде Жан Кособуцкий тоғызыншы орында тұр. Дәл осы салмақта британдық Даниэль Дюбуа көш бастаса, одан кейінгі орындарға америкалық Майкл Хантер мен финляндиялық Роберт Хелениус орналасқан. Ал суперчемпион атағы украиналық боксшы Александр Усиктің еншісінде.

Бірінші ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев төртінші, ал Серік Мұсаділов 11-орынды еншілеген. Көш басында кубалық —Юниэля Дортикос. Екінші және үшінші орынға ресейлік Алексей Егоров пен швед Баду Джек жайғасқан. WBA Super белдігі франциялық Арсеу Гуламирянға тиесілі.

Екінші орта салмақ рейтингін қазақстандық Айдос Ербосынұлы бастайды. Осы салмақ санатындағы тағы бір боксшымыз Бек Нұрмағанбетов 11-орында тұр. Екінші орын бос болса, үшінші орынға британдық Джон Райдер орналасқан. Бұл салмақтың суперчемпионы — мексикалық Сауль «Канело» Альварес.

Орта дивизонда жұдырықтасатын жерлесеміз Жәнібек Әлімханұлы жетінші орында тұр. Дәл осы салмақта үздік үштіктің қатарына Крис Юбэнк-кіші (Ұлыбритания), Хайме Мунгия (Мексика) және Серхио Мартинес (Аргентина) кіреді. Негізгі чемпиондық титул жапон боксшысы Риота Муратаның еншісінде. Ол 9 сәуір күні отандасымыз Геннадий Головкинге қарсы чемпиондық атағын қорғайды.

Екінші жартылай орта салмақ санатында шаршы алаңға шығып жүрген жерлесіміз Сұлтан Зәуірбек рейтингінің 8-позициясына орналасқан. Рейтинг лидері - доминикандық Гектор Луис Гарсия. Ирландиялық Джоно Кэрролл мен венесуэлалық Анхель Родригес одан кейінгі орындарға жайғасқан. Ал WBA Regular атағын тағы бір венесуэлалық Рохер Гутьеррес иелік етіп жүр. Бұл салмақ санатында суперчемпион жоқ.

Екінші жеңіл салмақта Евгений Павлов жетінші орынға тұрақтаған. Бірінші орын америкалық Ронни Риосаға бұйырса, одан кейінгі орындарға армян Азат Оганесян мен жапондық Томоки Камеда орналасқан. Суперчемпион белдігі Муроджон Ахмадалиевте.


Соңғы жаңалықтар