Қазақстандық боксшылардың Олимпиада жолдамаларын қалай алатыны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті қазақстандық боксшылар алдағы Токио-2020 Олимпиада ойындарына жолдаманы қалай алатынын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитеттің хабарлауынша, ХОК Атқарушы комитетінің Лозаннада өткен отырысында 2020 жылғы Токио ойындарына іріктеу бәсекесін өткізуге қатысты қосымша ұсыныстар жасалғаны туралы айтылған.

Онда, іріктеу турнирлері 2020 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында өтетіні, жалпы есебі төрт бәсеке жоспарланғаны, оның біреуі әлемдік іріктеу бәсекесі екені атап өтілген.

Іріктеу сындары Олимпиада ойындарын өткізген немесе төртжылдық додасын енді қабылдайтын қалаларда ұйымдастырылмақ.

«Құрлықтық дода 2020 жылдың 1 қаңтары мен 20 сәуірі аралығында өтеді. Азия және Океания аймақтық іріктеу бәсекесіне қазақстандық боксшылар да қатыспақшы. Бұл аймақта ерлер арасында 41, әйелдер арасында 22 жолдама сарапқа салынады. Ерлер арасындағы жолдамалар төмендегі ретпен беріледі: 52, 57 және 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне алты квота, 69, 75 және 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне бес квота, 91 және аса ауыр салмақта төрт квотадан бөлінген. Әйелдер арасындағы құрлықтық турнирде лицензия төмендегі әдіспен таратылады: 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алты квота, қалған төрт салмаққа (57, 60, 69, 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) төрт квотадан беріледі» делінген аталған ақпаратта.

Аталған турнирлерде лицензияға иелік ете алмаған боксшылар 2020 жылдың мамырында өтетін әлем чемпионатында сынға түсіп, тағы бір мәрте Олимпиадаға бару мүмкіндігіне таласа алады.

Сондай-ақ, әлемдік додада ерлер арасында 31-35, әйелдер арасында 19-21 квота сарапқа салынатыны белгілі болды.

Айта кетейік, Токио Олимпиадасындағы бокс бәсекесі 2020 жылдың 25 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді.

Естеріңізде болса, осыған дейін бокстан Токио Олимпиадасына іріктеу кезеңі қашан басталатыны және осыған дейін қазақстандық боксшылар Олимпиада ойындарынан қанша медаль жеңіп алғаны туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар