Қазақстандық бітімгершілер «Дала қыраны - 2013» оқу-жаттығуында шеберліктерін шындауда

None
None
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысындағы «Іле» полигонында «Қазбриг» бітімгершілік бригадасының оқу орталығында «Дала қыраны» халықаралық бітімгершілік оқу-жаттығуы басталды. Оқу-жаттығудың ашылу салтанатына Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, қатысушы елдер қолбасшылығының өкілдері және шетелдік бақылаушылар қатысты.

Бұл туралы ҚР ҚМ баспасөз қызметінен хабарланды.

«Дала қыраны» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуы Қазақстан Республикасы мен НАТО арасындағы әріптестік қимылдарының Дербес жоспарын жүзеге асыру, сондай-ақ «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп келеді.

Алғашқы «Дала қыраны» оқу-жаттығуы 2003 жылы «Іле» полигонында өткізілген болатын. Оған қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Биыл оныншы рет өткізіліп отырған оқу-жаттығуға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Литва, Швейцария, Италия, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері Қарулы Күштерінің өкілдері қатысады. Жаттығулардың барысын Испания, Германия және Беларусь Республикасының бақылаушылары бақылайтын болады.

Жаттығуға Қазақстан жағынан «Қазбат» бітімгершілік батальоны толық құрамда, «Қазбриг» бітімгершілік бригадасының штабы және Қазақстан Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері тартылған. Сонымен қатар, Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелері де қатысады.

«Дала қыраны - 2013» оқу-жаттығуларының ерекшелігі «Қазбат» бітімгершілік бөлімшесінің іс-қимылын НАТО және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сарапшылары «Жедел әлеует тұжырымдамасы» бағдарламасының бірінші деңгейі бойынша бағалайтын болады. Бағалаудың бұл түрі қазақстандық бітімгершілер үшін НАТО стандарттарына сәйкес жедел үйлесімділікте және көпұлтты ортада жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

«Дала қыраны» оқу-жаттығуының мақсаты - командирлер мен штабтардың бітімгершілік операцияларын жүргізу барысында бөлімшелердің арасындағы өзара
іс-қимыл мен шешім қабылдауды ұйымдастырудағы тәжірибелік дағдыларын жетілдіру. Сонымен қатар, бөлімшелер қарсылас тараптар арасындағы қақтығыс жағдайында бейбітшілікті қолдау бойынша жауынгерлік үйлесімділігін арттыратын болады.

Соңғы жаңалықтар