Қазақстандық бес боксшы Болгариядағы турнирдің жартылай финалына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық бес боксшы Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан «Странджа» халықаралық турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы додаға Қазақстан негізгі құраммен қатысуда.

Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағанындай, Қазақстанның бес дүркін чемпионы Теміртас Жүсіпов 49 кг салмақта болгариялық Эргюнал Сабриді 5:0 есебімен айқын басымдылықпен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.

Қазақстандық жас боксшы Санатәлі Төлтаев та 64 кг салмақта қытайлық Шензе Киді 5:0 есебімен тізе бүктірді.

Зәкір Сафиуллин 60 келіде тартысты бәсекеде грузиялық Отар Ераносянды жеңіп, ол да жартылай финалға шықты.

Сондай-ақ, Абылайхан Жүсіпов (69 кг) ресейлік Шахабас Махмудовты, Василий Левит (91 кг) америкалық Джаред Андерсонды қапы қалдырды. Тек аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев болгариялық Петар Белберовке есе жіберді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын алты боксшымыздың Болгариядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Ал Қайрат Ерәлиев, Ерік Әлжанов, Бек Нұрмағанбет және Әнуар Мұзаппаровтар жарыс жолынан шығып қалды.

Соңғы жаңалықтар