Қазақстандық бапкер Ташкенттегі Grand Slam турнирінде төрелік етті

None
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазақстандық парадзюдо жаттықтырушысы Жандос Қиянов Ташкенттегі Grand Slam турнирінде төрелік етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының тумасы Жандос Қиянов Ташкентте дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турниріне төрелік етуге шақырылған. Ол бүгін аталған спорттық дода төрелік етті.

Жандос Қиянов 2000 жылдан бері Атыраудағы № 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Оның Қуаныш Сайманұлы, Назгүл Құбашева және Өтеген Қайрат секілді шәкірттері дзюдодан ел чемпионатында жүлделі орындарды иеленген.

Білікті бапкер 2014 жылы Атырауда парадзюдошылар үшін бірегей дайындық орталығын ашқан. Ал, 2019 жылы парадзюдодан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалған. Сол жылдың қорытындысымен Қазақстандағы паралимпиадалық командалардың үздік жаттықтырушысы ретінде танылған.

Оның дайындаған шәкірті Әнуар Сариев парадзюдодан Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері атанған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық парадзюдошы халықаралық турнирде «алтын» алғанын жазған едік.

Жапонияда парадзюдодан өткен «TOKYO OPEN» халықаралық турнирінде J1 санаты бойынша +90 келі салмақта бақ сынаған Ерлан Өтепов қарсылас шақ келтірмей, алтын медальға ие болды. Ал, Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері 60 келі салмақтағы Әнуар Сариев J2 санатында қол жүлде иеленді.

Бұл халықаралық турнир 2024 жылы Парижде өтетін паралимпиада ойындары қарсаңында рейтингілік ұпайды көтеру мақсатында өткізілген.

Ал, бүгін дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанғаны хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар