Қазақстандық бапкер Қанат Исламның Брэндон Кукке қарсы мүмкіндіктеріне баға берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасы тарихындағы ең табысты бапкерлердің бірі Тұрсынғали Еділов Қанат Исламның Брэндон Кукпен жекпе-жегі қарсаңында қазақстандық спортшы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Брэндон Кук осал боксшы емес, оны жете бағаламауға болмайды. Қанат Исламның өкілдері кәсіби рингте жеңіліп көрмеген нағыз мықты қарсыласты таңдаған екен. Бұған дейін Кук он сегіз кездесу өткізген және барлығында жеңіске жеткен. Сөзсіз, құрметке лайық спортшы. Оның үстінде, айқастың  Қазақстанда өтуі де Қанат Исламға үлкен жауапкершілік артып отыр», - дейді Еділов.

«Өз шаршы алаңыңда жанкүйерлердің шексіз қолдауына ие болып қана қоймайсың, ерекше қобалжи түсесің, - деп жалғастырды ол. - Дегенмен, Қанат Ислам тәжірибелі боксшы, онда әуесқой рингтегі барлық ресми турнирлердің марапаттары бар. Кәсіби рингтегі 24 кездесуін де жеңіспен аяқтаған. Сондықтан, бұл жолы Қанат кезекті рет өз шеберлігі мен тегеурінін көрсетуі тиіс».

Сонымен бірге, бапкер Қанат Исламның кәсіби боксшы ретіндегі алдағы даму жолына болжам жасап көрді.

«Менің ойымша, Брэндон Кукпен болған жекпе-жектен кейін Қанаттың алдында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Әрине, көп нәрсе оның промоутерлеріне байланысты, Қанаттың өзі күні ертең рингке шығып кетуге дайын. Қанат Қазақстанға алғаш келгенде, менің жетекшілігіммен жаттыққан еді, сол себепті оның бар мүмкіндіктері маған аян. Оның жоғары кәсібилігі мен іске байыппен қарауы сүйсіндіреді», - деп атап өтті Еділов.

Бапкердің айтуынша, Қанат Исламның өмірінде танымал меценат, кәсіпкер Бауыржан Оспанов маңызды рөл атқарған. Меценат әлі күнге дейін спортшыға қолдау білдіріп келеді. 

«Бауыржан Оспанов қазақстандық спорттың, әсіресе жекпе-жектің үлкен табынушысы. Оспановтың рухани және материалдық қолдауының арқасында көптеген спортшылар спортпен айналысып, әлемдік аренада елімізді танытуға ынталана түсті. Алматы облыстық бокс және күрес федерациясының президенті ретінде Бауыржан Кеңесбекұлы аталған спорт түрлерін дамытуда ауқымды жұмыстар атқарып келеді», - дейді Т.Еділов. 

Еске сала кетсек, Еділовтің жетекшілігімен қазақстандық боксшылар 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарынан екі алтын және екі күміс жүлделер әкелді.

9 қыркүйек күні «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында кәсіби бокс кеші өтеді. Қанат Исламнан бөлек, бокс кешінде Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Али Ахмедов, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Димаш Ниязов, Айдос Ербосынұлы және Нұрсұлтан Жанайбаев рингке шығады.

Соңғы жаңалықтар