Қазақстандық банктер клиенттерге үндеу жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық банктер бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Kaspi. kz, «Сбербанк» ЕБ АҚ, Halyk Bank, Н ұрбанк, ВТБ Банк ( Қазақстан), ForteBank, Jýsan Bank, AltynBank, Хоум Кредит Банк, Е уразиялық банк, «Альфа-Банк Қазақстан» ЕБ АҚ клиенттеріне үндеу жолдады.

Бұған себеп - алаяқтардың банк клиенттеріне шабуыл жасауы тағы да жиілеп кеткен.

«Мұның кең таралған бірнеше әдісі бар.

Алаяқтар:

- Қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Күдікті операциялар туралы айтып, клиент шотынан ақша аударуға қажетті мәліметтерді алуға тырысады. Мысалы, жеке кабинетте құпиясөзді ауыстыруды, жаңа құпиясөзді және SMS-хабарлама арқылы келген құпия кодты айтуды сұрайды. Бұл мәліметтер арқылы алаяқтар клиент шотындағы ақшаны аударып, тіпті оның атына ақшалай кредит рәсімдеуі мүмкін.

- Қоңырау шалып, клиент шотынан ақша ұрлануы қаупі барын, қаражатты жедел түрде «қосымша шотқа», «сақтандыру агентіне», «сақтандыру ұяшығына» т.б аудару керегін айтады. Аңыздар әртүрлі болуы мүмкін, бастысы – клиент қаражатын басқа шотқа аударуға көндіру. Кейбір жағдайда алаяқтар арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен банк нөмірінен қоңырау шалған болады немесе ұқсас нөмірден қоңырау шалады.

- Пошта немесе мессенджерлерге қайырымдылық акциясы, ерекше қаржылық қызметтер, жүлделер ұтысы және т.б шаралар туралы ақпарат таратады. Оларда жеке мәліметтерді енгізуге және банктік операцияларды жасауға арналған сілтемелер болады. Адам карта мәліметтерін енгізген сәтте алаяқтар ақша шешіп алады. Сондай-ақ сілтемеде алаяқтарға сіздің қосымшаңызға кіруге мүмкіндік беретін вирустар болуы мүмкін.

- Қоңырау шалып басқа біреудің сіздің жеке кабинетіңізге кіруге талпынып жатқанын айтып, қауіпсіздік үшін қосымша жүктеп алуды ұсынады. Мұндай қосымшалар алаяқтарға телефоныңызға кіруге мүмкіндік береді. Одан кейін сіздің атыңыздан қоңырау шалып, қаржылық операцияларды жасауы мүмкін.

Банктер өз клиенттерінің сенімін бағалайды. Жеке мәліметтер мен электронды қаржы аударымдарының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Сондықтан алаяқтар қоданушылардың өздерін алдау арқылы ақша жымқыруға тырысады.

Есте ұстаңыз, алаяқтар адамды үрейлендіріп, ойланып, жағдайды бағамдап үлгеруге мүмкіндік бермей, қаражатын жылдам алуға тырысады. Үрейленбеңіз, мұқият болыңыз! Біз зиянкестердің әрекетіне тек бірге қарсы тұра аламыз» делінген мәлімдемеде.

Банктер алаяқтарға алданбас үшін не істеу керегін түсіндірді.

Егер сізге алаяқ қоңырау шалса, не істеу керек?

Алаяқпен сөйлеспеңіз. Тұтқаны қойыңыз. Шоттағы ақшаңыздың орнында екеніне көз жеткізіңіз. Сұрақтарыңыз болса банктің колл-орталығына қоңырау шалыңыз.

- Ұялы қосымша мен интернет-банкингтегі жеке кабинетіңіздің құпиясөзін;

- Карта реквизиттерін: нөмері, жарамдылық мерзімі, CVV/CVC-код (картаның артқы бөлігіндегі үштаңбалы код).

- Операцияны: төлем, аударым т.б растауға арналған SMS-кодты ешкімге айтпаңыз.

Бұл деректерді қоңырау шалған адам өзін банк қызметкері деп таныстырса да, банк нөміріне ұқсас нөмірден хабарласса да айтуға болмайды. Нағыз банк қызметкері мұндай ақпаратты сұрамайды. Бұл тек алаяқтарға ғана керек.

- Таныс емес адамдар сұраса, кез келген ұялы қосымшаны орнатпаңыз.

- Хабарлама тіпті танымал банк немесе компания атынан келсе де. Сілтемені басқан соң компьютеріңізге зиянкес вирус кіруі мүмкін. Ол алаяқтарға сіздің банктік шоттағы қаражатыңызды ұрлауға мүмкіндік береді.

- Жеке мәліметтеріңізді сұрайтын анкетеларды толтырмаңыз. Егер сілтеме арқылы өтсеңіз, анкета, сауалнаманы ашпаңыз, өзіңіз туралы ақпарат қалдырмаңыз. Нағыз акциялар мен ұтыс ойындары туралы білгіңіз келсе банктердің ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларын оқыңыз.


Соңғы жаңалықтар