Қазақстандық банктер «Алтын корона» қызметін уақытша шектеп жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық Банк «Қазақстан қор биржасы» АҚ-мен бірлесіп теңге мен АҚШ доллары арасындағы сауда-саттық регламентін өзгерту туралы шешім шығарған болатын. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі «Алтын корона» төлем жүйесінің қазақстандық банктерде қалай жұмыс істейтінін сұрап білді.

«Алтын корона» – ешқандай шот ашпай-ақ, жылдам әрі тәуекелсіз ақша жіберуге арналған қызмет түрі.

Центр Кредит Банктің call-орталығы қазіргі таңда «Алтын корона» төлем жүйесі жұмыс істемейтінін, бүгін сағат 15:30-дан кейін жанданатынын мәлім етті. Бүгінге дейін бұл бакнте аталмыш төлем жүйесі жұмыс істеп тұрған.

Сбербанктің баспасөз қызметі де төлем жүйесі уақытша ажыратылғанын, сағат 15:00-ге дейін күтетіндерін хабарлады.

Ал Halyk Bank валюталық аударымдар сағат 15:00-ге дейін тоқтатылғанын мәлім етті. Алайда, теңгемен ақша аударғыңыз келсе, кедергі жоқ. Тек аударымды қабылдаушы да оны теңге күйінде ғана қабылдай алады.

Jusan Bank-те де «Алтын корона» қызметі бүгін тоқтатылған. Қызметтің қашан жанданатыны туралы ақпарат берген жоқ.

Forte Bank өкілдері төлем жүйесі жұмыс істеп тұрғанын, бірақ валюта айырбастау қызметі тоқталынғанын айтты. Яғни, қандай валютамен ақша жіберілсе, сол валюта күйінде ғана қабылдауға мүмкіндік бар.

Ал Kaspi Bank өз клиенттеріне «Алтын корона» қызметін ұсынбайтынын жеткізді.

«Клиенттеріміздің арасында танымал болмағандықтан бізде «Алтын корона» қызметі жоқ», - деген жауап алдық.

Естеріңізге сала кетейік, Украинадағы соңғы оқиғаларға байланысты Еуропалық Одаққа мүше 27 елдің Сыртқы істер министрлері Ресейге қарсы жаңа санкцияларды мақұлдады.

Соның ішінде кейбір ресейлік банктерді SWIFT халықаралық жүйесінен ажырату туралы шешім де бар.


Соңғы жаңалықтар