Қазақстандық балерина ТМД сыйлығының лауреаты атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана Опера» жетекші солисі Әйгерім Бекетаева ТМД-ның «Дебюттер достастығы» жастар сыйлығының лауреаты атанды. Бұл туралы ҚазАқпарат аталған ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сыйлыққа Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстаннан 26 номинант ұсынылды. Шығармашылық жетістіктері өнердің әр саласын дамыту мен дәріптеуде елеулі үлес болған Достастық елдерінің сегіз мәдениет қайраткері халықаралық қазылардың шешімімен сыйлықтың лауреаты атанды. Сыйлық ТМД-да Мәдениет жылы деп жарияланған 2018 жылдың қорытындысы бойынша берілді.

«Осы сыйлықтың құрылтайшыларына маған білдірген сенімдері мен шығармашылығыма берген жоғары бағалары үшін алғысымды білдіремін. Әртіс үшін әрбір сахнаға шығу – үлкен бақыт, көрермендерді қуанту, орындаушылық шеберліктің жаңа қырларын ашу мүмкіндігі. Мұндай марапаттар бізді жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырады», - деп атап өтті Әйгерім Бекетаева.

«Дебюттер достастығы» халықаралық сыйлығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі және Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорымен 2008 жылы құрылған болатын. Құрылтайшылармен анықталатын гуманитарлық салалардағы аталмыш сыйлық жыл сайын жас мамандарға (35 жасқа дейін) табысталады. Сыйлық беріле бастаған жылдардың ішінде оны ақындар, дәрігерлер, ұстаздар, ғалымдар, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мамандар, спортшылар мен жаттықтырушылар, туризмді ұйымдастырушылар иеленген.

2019 жылғы ТМД-ның мәдени астанасы Бресттегі салтанатты рәсім жыл бойындағы іс-шаралар бағдарламасын түйіндейді. Осы кеште Шымкент қаласы құрметті мәртебе эстафетасын қабылдап, 2020 жылы Достастықтың мәдени астанасына айналмақ.

Марапаттау рәсімі бүгін Беларусьтегі Брест академиялық драма театрында өтеді.

Соңғы жаңалықтар