Қазақстандық автоөндірушілер 9 айда 21 мыңнан астам жеңіл көлік шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда жеңіл автокөліктердің өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 83,4 пайызға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отандық автоөндірушілердің тамыз айында қарқыны бәсеңдегенімен, қыркүйекте жұмысы қайта жанданып, 3244 техниканы (тамыздан қарағанда 1025-ке артық) жасап шығарған.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың 9 айының ішінде барлық тип бойынша 22 709 көлік құралы құрастырылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 71 пайызға артық. Ол кезде Қазақстан бойынша 13 312 дана көлік құрастырылып шығарылған еді. Негізінен өсім жеңіл авокөліктердің еншісінде болды.

«Биыл 21 137 жеңіл автокөлік (+83%), 802 ауыр жүк көлігі (-17%), 388 тіркеме мен жартылай тіркеме (+131%), 231 автобус (-48%) және 151 өзге де арнайы техникалар (+0%) шығарылған. Алдын ала мәлімет бойынша, қостанайлық «СарыаркаАвтоПром» компаниясының өсімі 109 пайызды көрсетіп отыр. Аталмыш компания 9 айдың ішінде 7 941 дана жеңіл автокөлік, ауыр жүк көлігі мен автобус құрастырған. Өскемендік «Азия Автоның» еншісінде - 13 365 авто (+64%). Ал көкшетаулың «КАМАЗ Инжиниринг» 440 ауыр жүк көлігін, семейлік СемАЗ 206 ауыр жүк көлігін, алматылық Hyundai Trans Auto 188 техника шығарса, Daewoo Bus есебінде -106 автобус», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Қазақстан автобизнес қауымдастығы автобус, комбайн мен тракторларды шығару үшін 26 млрд теңге бөлінгелі отырғаны хабарланған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар