Қазақстандық Ауған соғысының ардагерлері Мәскеуде медициналық тексеруден өтті

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Ауған соғысына қатысқан екі қазақстандық ардагер медициналық тексеруден өтіп, Мәскеудің жетекші емханаларында ем қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресей астанасына келген ауған соғысының ардагерлері Кенжебай Әміров пен Бекболат Ереновтің айтуынша, Ауғанстанда Совет контингенті құрамында болған кезде олар жарылған минадан жарақат алған, соның салдарынан көру қабілеттерінен айырылған.

«1988 жылы біз бригадамызды Қандағар қаласының оңтүстік бөлігінен шығару үшін әскери операцияға қатыстық. 2 тамыз күні мина жарылып, мен көру қабілетінен айрылдым», - дейді Павлодардан келген К.Әміров.

Ол Қазақстанның ардагерлер ұйымдарымен және жергілікті органдардың өкілдерімен үнемі байланыста болатындығын, олар мәселелерді шешуге барынша көмек көрсетуге тырысатындығын атап өтті.

«Қазақстанның Ресейдегі елшілігі біздің Мәскеуде тексеруден өтуімізге қолдау көрсетті. Бізді ұшақтан қарсы алды, орналастырды және Федоров атындағы офтальмология институтына ертіп, барлығын ұйымдастырып жүрді. Ол жерде мен барлық қажетті тексеруден өттім. Олар менің екінші көзіме косметикалық протездік линза тағып берді», - дейді ардагер.

«Әрине, дәрігерлер көру қабілетін қалыпна келтіре алмайды, бірақ болашақта қажетті технологиялар болған кезде олар мұны жасауы мүмкін», - деді К. Әміров.

Ақтөбен келген тағы бір ардагер Бекболат Ереновтың айтуынша, қайғылы оқиға 1987 жылдың күзінде, оның отряды Панжшер шатқалына түсіп жатқанда болған. «Менің алдымдағы солдатты мина жарып жіберді, мен де ауыр жарақат алдым. Аяғым мен көру қабілетімнен айырылдым. Осыдан кейін ұзақ уақыт Кабулда, Ташкентте және Қырымда оңалту орталықтарында болдым», - дейді ол.

«Жақында бізге елшіліктен хабарласты. Біз Мәскеуге әйеліммен бірге келіп, бірден дәрігерге бардық. Мамандар қарап, протезді ауыстырды. Мен өзімді жақсы сезінемін, ауырсыну жоқ», - дейді Б. Еренов.

Ардагерлер Ауғанстандағы Совет әскерлерінің миссиясына қатысқаны үшін әскери наградалар алғанын айтты. Сол үшін олар сәрсенбі күні Ресейдегі Қазақстан елшілігінде өткен ауған әскерлерін марапаттауға арналған салтанатты шараға қатысты.

Олар Мәскеуге бару үшін қаражат бөлген әкімдіктерге, сондай-ақ қазақстандық ардагерлер ұйымдарының белсенділеріне ауған әскерлері арасындағы байланысты сақтап қалғаны үшін алғыс білдірді.

«Қазақстан елшілігінің атсалысуының нәтижесінде біз Мәскеуге келіп, тексеруден өтіп, ем қабылдадық. Күндіз-түні жанымызда бірге жүрген дипмисия қызметкерлеріне де алғысымыз шексіз», - деп сөзін түйіндеді Б. Еренов.

Авторы Нарымбек Ысмағұлов

Соңғы жаңалықтар