Қазақстандық әуе компанияларының Еуропаға ұшуына ешқандай шектеу жоқ - Талғат Ластаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің азаматтық авиация саласына айрықша назар аударып, биылдан қалдырмай Жапония мен Америка Құрама Штаттарына тікелей әуе рейсін ашу мәселесін мүдделі органға жүктегені белгілі. Осыған орай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевты сұхбатқа тартып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысымен қатар азаматтық авиация саласының өткен жылғы нәтижесі мен алдағы жоспарлары жайында білген едік.

- Талғат Тілеубекұлы, Елбасының тапсырмасына орай Жапония мен АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашу жұмыстары қалай жүргізілуде? Ілгерілеушілік бар ма?

- Иә, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы берген тапсырмаға сәйкес, Қазақстан мен Жапония арасындағы тұрақты әуе рейсін ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын ұйымдастыру үшін қажетті құқықтық негіздемелерді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті 2016 жылы қалыптастырған. Бұл, Қазақстан мен Жапонияның әуе компанияларына әр тараптан еш шектеусіз аптасына 14 рет тұрақты рейстерді орындауға құқық береді. Қазақстандық әуе тасымалдаушыларға арналған бағыттар - Токио, Осака, Нагоя қалалары және жапондық әуе компаниялары үшін - Астана, Алматы және Қарағанды қалалары белгіленген.

Айта кету керек, бұрын елдер арасында Қазақстаннан Токиоға ұшатын ешқандай құқықтық негіз болған жоқ. Қазіргі уақытта әуе компанияларымен бірігіп, биыл Жапонияға тікелей рейсті ашу бойынша жұмыстар жүргізудеміз.

АҚШ бойынша да, ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз. Таяу арада Азаматтық авиация комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы «ашық аспан» қағидаты бойынша әуе қозғалысы туралы келісімге қол қою жұмыстарын аяқтайды. Өткен жылы Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ авиациялық билігі арасындағы екіжақты келіссөздер өткіздік. Қазір америкалық тараппен қол қоюға жоспарланған әуе қозғалысы туралы үкіметаралық келісімнің мәтінін келісудеміз. Осы келісім Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе рейстерін ашудың құқықтық негізін құрайтын болады. Содан кейін, бекітілген әуе компаниялары мен әуежайлар АҚШ тарапының арнайы аудитінен өтеді.

- Еліміздің авиация саласының өткен жылғы жұмысына баға беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

- Жалпы, Қазақстанның азаматтық авиация саласы дамуының оң динамикасы сақталып келеді. Өткен жылы қазақстандық авиатасымалдаушылар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл ретте, жолаушылар тасымалының бұрын болмаған өсімі байқалады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компаниялары 7,9 млн жолаушы тасымалдады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Қазақстан Республикасының әуежайлары өткен жылы 14 млн астам жолаушыға қызмет көрсетті.

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын орындау аясында 2018 жылы еліміз арқылы сапарлаған транзиттік жолаушылар саны 900 мың адамға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артық. Бұл теңдессіз өсім.

Естеріңізде болса, Елбасы ел тұрғындарының әуе көлігімен кеңінен сапарлауын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы мақсатта алғашқы ұлттық лоукостер FlyArystan әуе компаниясы 2019 жылы өз жұмысын бастайды. Әуе компаниясы алғашқы жылы 1 млн жолаушы тасымалдауды жоспарлап отыр.

Өткен жылы ICAO-ның авиациялық қауіпсіздік бойынша аудиті сәтті өтіп, еліміздің авиация саласы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, ИКАО-ның стандарттарына Қазақстанның сәйкестігі 83 пайызды құрады. Бұл 2009 жылғы аудиторлық көрсеткіштен 21 пайызға артық. Еліміздегі бұл көрсеткіш орташа әлемдік деңгеймен (72%) салыстырғанда 11 пайызға жоғары.

- Халықаралық әуе бағыттарын дамыту жұмыстары қалай жүргізілуде?

- Халықаралық бағыттарды дамыту бойынша жұмыстар да тыңғылықты жүргізіліп келеді. Мәселен, жыл басынан бері қазақстандық және шетелдік әуе компаниялар Атырау-Франкфурт, Астана-Қазан, Астана-Тюмень, Астана-Вильнюс, Астана-Челябинск, Астана-Краснодар, Астана-Томск, Астана-Душанбе, Астана-Сочи, Алматы-Рига («Air Baltic»), Новосібір-Павлодар («Сибирь»), Красноярск - Алматы («Ангара»), Мәскеу-Қызылорда («Аэрофлот»), Хельсинки-Астана («Finnair») бағыттарында 14 жаңа әуе қатынасы ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстан әлемнің басқа елдерімен әуе қатынасын 96 халықаралық бағыт бойынша байланыстырады.

Егер 2013 жылы 73 халықаралық бағыт бойынша рейстер орындалса, қазіргі таңда 96 бағыт бар (2013 жылы - 73, 2014 - 89, 2015 - 87, 2016 - 88, 2017 - 96, 2018 - 96). Қазіргі таңда елімізге тұрақты халықаралық жолаушылар рейстерін орындайтын 23 шетелдік әуе компания ұшып келеді.

EXPO-2017 көрмесін өткізу мен Қазақстанда «ашық аспан» қағидатын енгізу аясында 6 жаңа әуе тасымалдаушы өз жұмысын бастады. Олар - Air China, LOT, WizzAir, Finnair, Air Baltic, Уральские авиалинии. Сонымен қатар, Turkish Airlines және Аэрофлот елімізге орындайтын рейстердің санын және ауқымын кеңейтті. Отандық әуе тасымалдаушылар да жаңа бағыттарды ашып, халықаралық рейстердің санын арттыруда. Қазақстандық әуе компаниялардың Еуропа елдеріне ұшуына ешқандай шектеулер жоқ. Қазіргі уақытта жеті әуе компания - Air Astana, Prime Aviation, KazAirJet, SCAT, Comlux-KZ AK, JetAirlines және FlyJet.kz - EASA талаптарынан сәтті өткен және Еуропаға ұшуға толық құқықтары бар.

EXPO-2017 кезеңінде Астанада «ашық аспан» жобасы іске асырылды. 2017 жылы берілген Қазақстан арқылы транзитпен өтетін Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режим 2018 жылы ұзартылған болатын. Өткен жылдан бастап Үндістан азаматтары үшін дәл осындай визасыз режим берілген еді. Бұл тәртіп биыл да жұмыс істейтін болады.

- ЕліміздегіәуежайлардыИКАОсанатынакөтеружұмыстарықалайжүргізілуде? Шағынавиацияныдамытубарысықалай?

- Қазіргі уақытта елімізде ИКАО санатына жататын әуежайлардың саны 15-ке жетті. 2018 жылдың соңында Семей әуежайының ұшу-қону жолағы және терминалын қайта салу жобасы аяқталды. Сонымен қатар, Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жөндеу жұмыстары басталды. 2020 жылға қарай елдің барлық әуежайларында ұшу-қону жолағын қайта құру жұмыстары аяқталады.

Сондай-ақ, әкімдіктермен бірлесе отырып, жергілікті әуе желілерін қалпына келтіру үшін өңірлердегі елді мекендерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Үржар, Зайсан және Үшарал жергілікті әуе желілерінің аэродромдары жұмыс істейді. Сонымен қатар, Павлодар облысының Баянауыл ауданында жолаушыларға қызмет көрсету үшін ұшу-қону жолағын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Шағын авиацияның L-410 типті алғашқы екі ұшағын «Жетісу» әуе компаниясы лизингке сатып алды. 2021 жылға қарай мұндай кемелердің флотын 20 бірлікке жеткізу жоспарлануда. Бұл аймақтық авиацияның дамуына серпін беретін болады.

2018 жылдың 14 маусымында «E-freight» «Әуе жүк тасымалы саласындағы қағазсыз құжат айналымына арналған ақпараттық жүйені енгізу және бейімдеу» бойынша Қазақстандағы көлікті цифрландыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің алғашқы жобасына қол қойылды. Бұл жүк рәсімдеу уақытын 1 күннен 1 сағатқа дейін қысқартады. Желтоқсан айында өткен Индустрияландыру күнінде осы жобаны Елбасы іске қосты.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар