Қазақстандық әуе компаниялар еуропалық «қара тізімге» қайта енбейді - Индустрия министрлігі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық әуе компаниялар еуропалық «қара тізімге» енбейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2022 жылғы 1 маусымда Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті еліміздің авиациялық билігі мен қазақстандық әуе тасымалдаушылардың Еуропаға ұшуына қатысты ресми шешімін жариялады. ИИДМ басшысы Еуропаның 27 мемлекетінің билігі отандық әуе тасымалымен айналысатын компанияларға кәрі құрлыққа ұшуға шектеу қоймайтыны жайында шешім қабылдағанын және еліміздің «қара тізімге» енбейтінін атап өтті», - деді министр қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында.
«Еуропалық сарапшылар Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі саласында қалыптасқан ахуал мен осы тұрғыда соңғы 3 жылда ел Үкіметі тарапынан қабылданған шараларды оң бағалады. Әрине, біз бұны үлкен жетістік деп санаймыз. Оған себеп те жоқ емес. Еуропалық мамандар тарапынан оң баға алу үшін көп күш-жігер жұмсалып, кешенді жұмыстар қолға алынды», – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ ол Қазақстанның бұған дейін «қара тізімге» кіргенін де еске салды. Атап айтқанда, 2009 жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы тарапынан жүргізілген аудит нәтижесінде еліміздегі әуе тасымалы саласында ХААҰ талаптарының сақталу көрсеткіші төмен екендігі анықталған (47 пайыз). Осыған орай Еурокомиссия Air Astana компаниясынан өзге қазақстандық әуе тасымалдаушыларға Еуропа елдеріне ұшуға тыйым салған болатын.

«Туындаған жағдайдан шығу үшін 7 жылдай уақыт қажет болды. 2016 жылы шектеулер алынып тасталғаннан кейін осындай олқылықты жайттардың алдағы уақытта қайталанбас үшін ИИДМ өте ауқымды жұмыстар жасады», – деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар