Қазақстандық әскерилер халықаралық «Аравт» марафонына қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің әскери қызметкерлері Моңғолияда өтетін «Аравт» халықаралық аттар марафонына дайындықты бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тау-қорықшылар бөлімшесінде 2019 жылғы халықаралық армия ойындары шеңберінде «Аравт» халықаралық аттар марафонына дайындық басталды. Аравт - бұл 10 адамнан тұратын атты жауынгерлер ротасы.

Қазақстан армиясы аталған шараға қатысуға ниет білдірді. Қазіргі уақытта тау-қорықшылар бөлімшесінде 10 негізгі және 3 қосалқы әскери қызметкерден тұратын команданы құру үшін іріктеу жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Команда құрамына снайпер, пулеметші, граната атқыш, байланысшы, сапер, мерген және медициналық нұсқаушы кіреді. Сайыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде атты жауынгерлер таулы және орманды жерлер арқылы 130 шақырымдық су жолы мен миналар алаңынан кедергісіз өтуі тиіс.

Сондай-ақ, арқанның көмегімен атты ұстау, оны жүгендеу және ерттеу қажет, сол сияқты ат үстінде жаралы әскерилер мен оқ-дәрілерді тасымалдау тапсырмасы бар.

Екінші кезеңде әскери қызметкерлер белгіленген уақыт ішінде кедергілер жолағын еңсеру мен әскери қарумен оқ атудан бәсекеге түседі. Одан бөлек, орнында тұрып және атпен шабу барысында граната лақтыру сынағы қарастырылған.

«Аравт» - халықаралық армия ойындары құрамындағы жаңа байқау. Марафонда аттарды Моңғолия елі ұсынады, қатысушыларға өзінің ат әбзелін ғана пайдалануға рұқсат етілген. Қатысушы әскери қызметшінің салмағы 85 келіден аспауы тиіс, сондай-ақ, жарыста жіберілген әрбір қателік пен кешеуілдеуге айыппұл салынады. Ең өрескел бұзушылық жылқыны жарақаттау, ондай жағдайда қатысушы бірден байқаудан шығады. Байқау үстіміздегі жылдың тамыз айының басында Моңғолияда өтеді», - деп хабарлайды министрлік.

Соңғы жаңалықтар