+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

Қазақстандық әншілер халықаралық жобаға қатысып, «Тырналар» әнін шырқады

2020 жылғы 9 мамыр 10:20
Бөлісіңіз:
Қазақстандық әншілер халықаралық жобаға қатысып, «Тырналар» әнін шырқады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Танымал үш баритон «Тырналар» халықаралық жобасына қатысты. «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев, Ресей Үлкен театрының шақырылған солисі Василий Ладюк, Абай атындағы МАОБТ солисі Расул Жармағамбетов «Астана Опера» театры опера труппасының бас концертмейстері Елена Сахноның, «Астана Опера» симфониялық оркестр музыканттары мен хор әртістерінің сүйемелдеуімен әйгілі «Тырналар» әнін онлайн орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл ән Расул Ғамзатовтың сөзіне жазылған композитор Ян Френкельдің қаламына тиесілі (орыс тіліне аударған – Наум Гребнев). Туынды соғыс кезінде қаза тапқан сарбаздарға арналған.

«Әріптестеріммен бірге осынау аңызға айналған композицияны орындау мен үшін үлкен қуаныш болды. Өнердің шекарасы жоқ, музыка адамдарды жақындастырады, діни сенім мен ұлтқа қарамастан, бұл – біздің ортақ мерекеміз. 9 мамырды қуана-қуана қарсы аламыз, себебі бұл – баршамызға ортақ тарих, оны естен шығаруға болмайды. Бейбіт өмір үшін күрескен батырларымыз мәңгі есімізде, оларды мақтан тұтамыз, олар өз Отанын қорғап, жанын қиюға дайын болған. Бұл жоба – соғыс жолын жүріп өткен бабаларымыздың рухына тағзым етіп, еске алу және бүгінде қасымызда қалған азғана батырларымызға құрмет көрсету. Оларға мықты денсаулық тілей отырып, бақытты да баянды өміріміз үшін жасаған ерліктеріне мың алғыс білдіреміз», - дейді Талғат Мұсабаев.

Талғат Мұсабаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресейдің Үлкен театры сахнасында П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсында Онегиннің партиясын орындағанын естеріңізге сала кетейік (Мәскеу, 2003). Италияның Рим, Генуя, Флоренция, Сиракузы және т.б. қалаларында талай рет гастрольдік сапарларда болған. АҚШ-та, әлемнің ең беделді сахналарының бірі Карнеги-холл (Нью-Йорк қ.) және Кеннеди орталығында (Вашингтон қ.) концерттермен өнер көрсетеді.

Оның әріптесі Василий Ладюк – ресейлік опера әншісі. Шақырылған солист ретінде Ресей мен әлемнің маңдайалды опера театрларындағы (Үлкен театр, Мариин театры, Метрополитен Опера, Хьюстон Гранд Опера, Ла Фениче театры (Венеция), Норвегия корольдік операсы, Teatro Regio (Турин) және т.б.) опералық қойылымдарға қатысады. Валерий Гергиев, Пласидо Доминго, Владимир Спиваков сынды көрнекті дирижерлер және режиссерлермен бірге ынтымақтастықта жұмыс жасаған. Василий Ладюктің шетелде өнер көрсету географиясы Милан мен Лондон, Венеция мен Турин, Брюссель мен Осло, Нью-Йорк пен Токио қалаларын қамтиды.

Жобаның үшінші қатысушысы Расул Жармағамбетов – Абай атындағы МАОБТ солисі, Қазақстан мен оның шекарасынан тыс ондаған байқаулардың жеңімпазы әрі көптеген жүлделердің иегері болып табылады. Опера әншісі Бибігүл Төлегенованың VIII халықаралық байқауының гран-при иегері, Ұлан-Батырдағы халықаралық вокалистер байқауының III сыйлық лауреаты, Plácido Domingo’s Operalia, The World Opera Competition 2017 дүниежүзілік байқауы және The Queen Sonja International Music Competition байқауының жартылай финалисі.

Жобаның менеджері әрі шабыттандырушысы Елена Сахноның айтуынша, 5 жыл бұрын 9 мамыр күні ерекше мейрамға айналған, себебі ол өзінің атасы Васнецов Евгений Михайловичтің көптеген қазақ жауынгерлері қайтыс болған Ленинград түбіндегі жантүршігерлік шайқаста басын қатерге тіккенін білген.

«Тырналар» – күрделі ән, себебі біз оның қаһармандарының тағдырын сезінеміз, қамығамыз. Соғыс – бұл қасірет, ол көптеген жандардың өмірін алып кетті, отбасыларды бұзды, адамдарды мүгедек етті. Олардың ішінде – біздің жақындарымыз бен туыстарымыз да бар. Осы туындыны орындай отырып, Ұлы Отан Соғысында осынау Жеңісті алып келген жандардың барлығын еске аламыз. Ардагерлеріміз жыл сайын осы мерекелік күнде біздің назарымызды күтеді, сондықтан біз, музыканттар, Ұлы Отан Соғысында көрсеткен олардың батырлығы мен ерлігі үшін өз шығармашылығымызбен ардагерлерімізге шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді « , - деп атап өтті «Астана Опера» жетекші солисі Талғат Мұсабаев.

Жоба Қазақстандағы Ресей ынтымақтастық өкілдігімен бірлесіп жүзеге асырылған.

Жыл сайын «Астана Опера» МОБТ Жеңіс күніне орай құрметті қонақтар – Ұлы Отан Соғысы ардагерлерімен концерттер өткізетін. Карантинге қарамастан театр ұжымы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері мен тың еңбеккерлерін елеусіз қалдырмай, сый-сыяпат ұсынды, олар сыйлықтарға өте қуанышты болып, театр қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT