Қазақстандық әншілер Елбасының тез сауығуын тіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кешеден бері қазақстандық әншілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілектерін жолдап, сауығып кетуін тілеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова видеожолдауында Тұңғыш Президентке ауруды жеңіп шығуды тіледі.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің коронавирус жұқтырғаныңызды естігеннен кейін уайымдап отырмыз. Сіз осылай ашық жүргеніңізде «неге ошауланбайды, неге бір топ адаммен отырады?» деп ойлаушы едім. Сізге тілейтінім: осы ауруды жеңіп шығыңыз. Нұреке, тез жазылыңыз. Деніңіз сау, өміріңіз ұзақ болсын! Мұндай ауру ешкімге жақын келмесін!» - деп тілегін білдірді қазақтың бұлбұл әншісі.

Әнші Әлішер Каримов те Елбасының коронавирустан тезірек жазылып кетуіне тілекші екендігін жеткізді.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді өте жақсы көреміз. Тезірек сауығып, ұзақ ғұмыр сүруіңізге тілекшімін», - деп жазды әнші Instagram парақшасында.

Сонымен қатар әнші Кентал да осынау вируспен күресіп жатқан барлығының тезірек сауығып кетуін тіледі.

«Ауру сенің әлеуметтік мәртебеңе, қоғамдағы орның мен танымалдығыңа қарамайды. Осынау зұлым вирус алдында барлығымыз да бірдейміз. Елбасының және осынау вируспен күрес жатқан барлығының тезірек сауығып кетуіне тілеймін. Алла шипасын берсін! Тез жазылып кетіңіздер, Аман бол, халқым!», - деп жазды әнші Instagram парақшасында.

Мұнымен қоса әнші әрі продюсер Рано Умарова да Тұңғыш Президенттің, сондай-ақ осы індетті жұқтырған барша қазақстандықтардың тез сауығуына тілек білдірді.

«Шын жүректен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының тез сауығуын тілеймін. Елбасы қайсар әрі мықты адам деп білемін және міндетті түрде індетті жеңетініне сенемін. Осы орайда зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеймін!», - деді Р. Умарова.

Айта кетейік, Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Covid-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.

Соған қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы өзін-өзі оқшаулап, қашықтан жұмыс істеуді жалғастыруда.

Осы уақытқа дейін еліміздің барлық өңірлерінен жұртшылық Елбасының саулығын тілеп, ізгі ниеттерін білдіруде. Мұнан бөлек, Ресей Президенті Владимир Путин,

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған,

Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди,

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық пен тезірек сауығып кетуін тілеп жеделхат жолдады.


Соңғы жаңалықтар