Қазақстандық альпинистер Тянь-Шань тауында жоғалған әріптестерін іздеуге аттанбақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан альпинистері Тянь-Шань тауында жоғалған әріптестерін іздеу үшін атанбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, бүгін сағат 13-20-да Алматы облысындағы Қарқара базалық лагеріне біліктілігі жоғары 3 қазақстандық альпинистен тұратын топ жеткен. Альпинистерді Қырғыз Республикасына жеткізу үшін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Қазавиақұтқару мекемесінің МИ-171 тікұшағы дайын тұр.

«Қазақстандық альпинистердің құтқару операциясы ауа райы жақсарғаннан кейін басталады. Қазіргі уақытта Тянь-шань тауының төменгі баурайында жаңбыр жауып, биік беткейлерінде қар түсіп жатыр. Сонымен қатар бірлескен іздеу жұмыстарын жүргізу үшін қырғыз альпинистер тобы да дайын», - деп атап өтеді комитеттен.

Бұған дейін, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қырғызстан тауларында қиын жағдайға тап болған Қазақстан альпинистері туралы айтқан болатын.

Еске салсақ, алматылық альпинистер тобы Қырғыз тауларында жоғалған болатын. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тауда қазақстандық альпинистер тобының жоғалып кетуіне қатысты Instagram парақшасында алаңдаушылық білдірді.

Кейінірек жоғалған альпинистердің бірінің қызы әлеуметтік желі арқылы қалың көпшіліктен көмек сұрады.

Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігі альпинистерді құтқару операциясын бастады.

Соңғы жаңалықтар