Қазақстандық 16 университет Times Higher Education рейтингісіне кіреді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық 16 жоғары оқу орны халықаралық Times Higher Education рейтингісінен орын алды. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Азия университеттері альянсының форумында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық форумды ашқан Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазіргі уақытта өңірлік бірінші сыныпты университеттерді қайта құруға бағытталған бірнеше бастаманың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Академиялық шеберлік орталықтары» жобасы оқу және зерттеу зертханаларын құру және жабдықтау арқылы аймақтық университеттерде зерттеу экожүйесін құруға бағытталған. Аталған орталықтар академиялық және ғылыми дамуға ықпал етеді. Осылайша отандық академиялық стандарттарды халықаралық деңгейге көтереді. Қазақстандық университеттер соңғы уақытта халықаралық рейтингтерде айтарлықтай прогреске қол жеткізгені қуантады. Біздің 16 университет Times Higher Education рейтингісіне кіреді», - деді Әлихан Смайылов форумда.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Назарбаев университетінің озық тәжірибесі жарқын үлгіге айналғаны туралы айтты.

Оның айтуынша, аталған ЖОО құрылған сәттен бастап білім беруді, инновацияны және ғылыми-зерттеу қызметін біріктіретін заманауи зерттеу университетінің табысты моделіне айналды.

«Ол меритократия мен академиялық адалдық принциптеріне негізделген. Сонымен қатар, Назарбаев университеті Қазақстанның жоғары білімінде жетекші рөл атқарады. Небәрі 13 жыл ішінде университет талантты студенттер, оқытушылар, зерттеушілер, инноваторлар мен кәсіби қызметкерлер үшін шамшыраққа айналды. Келесі айда университет өзінің 9-ы түлектерін ұшарады. Бұл дегініміз Қазақстанның одан әрі дамуында жаңа белестерді бағындыруға дайын 15 мың болашақ көшбасшысы. 2018 жылы «Білім туралы» ҚР заңына басқа да отандық университеттердің басқарушылық академиялық автономиясын кеңейтуге бағытталған түзетулер енгізілді. Бұл өзгеріс Назарбаев университетінің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және барлық жоғары білім беру жүйесімен тәжірибе алмасуға ықпал етті», - деп толықтырды Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар