Қазақстандық 14 ғалымның еңбегі жоғары сілтемелік көрсеткішке ие ғылыми жұмыстардың қатарына енді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық 14 ғалымның еңбегі жоғары сілтемелік көрсеткішке ие ғылыми жұмыстардың қатарына енді. Бұл жайлы бүгін Алматыда өткен «Әлемдік кеңістікте Орталық Азия елдері ғылымының ынтымақтасуы» халықаралық форумы барысында «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ президенті Әділ Ыбраев айтты.

Айта кету керек, кездесу «Томсон Ройтерс» компаниясының бастамасымен ұйымдастырылды. Жиын барысында әлемнің бірқатар елдерінен келген ғалымдар адамзат алдында тұрған өзекті мәселелерді талқыға салып, экономиканың дамуына ғылымның тигізер ықпалын тілге тиек етті.

«Нобель сыйлығынан өзге ғалымдардың ғылыми жетістіктері қоғам назарынан тыс қалып жатады. Шын мәнінде қазіргі адамзат көріп отырған игіліктердің барлығы ғылымның дамуының арқасында. Ғылым - экономиканың қозғаушы күші. Елбасымыз айтқандай, экономика білім мен ғылымға негізделуі керек. Әлемнің беделді ғылыми басылымдарының қазақстандық жазылушыларының саны артып келеді. Ұлттық лицензия ашылғалы бері олардың саны 4 есеге артты», - деді Әділ Ыбраев.

Оның айтуынша, 2011 жылдан бері қазақстандық ғалымдардың ғылыми мақалаларын беделді басылымдарға жариялау көрсеткіші артып келе жатыр. Қазақстанның 14 ғалымы әлемдік басылымдардағы ең жоғары сілтеме жасалатын ғалымдардың 1 пайызының құрамына енді. Негізінен Қазақстан ғылымының басты бетке ұстар саласы физика және астрофизика болып отыр.

Айта кету керек, 300-ге жуық отандық ЖОО аталған ғылыми ақпарат ресурстарына еркін ене алады. ҚР БҒМ таратқан мәліметке сәйкес, 2015 жылы Қазақстандағы ғылымды дамытуға 49 млрд. теңге бөлінген.

«Елбасы «Қазақстан жолы 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында ғылымның дамуын басты мақсат ретінде атап өтті. Ғылымсыз еліміздің инустриалдық инновациялық дамуын елестету қиын екендігі рас. Ғылым мен экономиканың нақты секторын жақындату мақсатында Ғылыми және ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерцияландыру туралы заңнама қабылданып жатыр. Аталған заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатында мақұлданды. Жақында Мемлекет басшысының қарауына жіберіледі», - деді ҚР БҒМ ғылым комитеті төрағасының орынбасары Анар Есмақанова.

Бүгінгі жиын барысында Орта Азия елдерінен келген ғалымдар ғылыми ақпарат ресурсы саласында бірлескен жоба жасау туралы бастама көтерді.

Соңғы жаңалықтар