Қазақстанды жаяу аралап, 8 мың шақырым жол жүрген 72 жастағы ақсақал сапарын аяқтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жезқазғанның тумасы 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашев биыл наурызда бастаған жаяу сапарын аяқтап, бүгін Астанаға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марафоншы ақсақалды елорда әуежайынан бір топ кісі күтіп алды. Жиналған жұрт атамызға құрмет көрсетіп гүл сыйлап, сапарын сәтті аяқтауымен құттықтады.

«Жаяу сапарымды көктемде Ұлытаудан бастап, кеше Ақтауда аяқтадым. Еліміздің барлық өңірінде болып, жаяу 8 мың шақырымнан астам жүріп өттім. Жоспарым орындалды, менің мақсатым – Қазақстанды жаяу аралап шығу еді. Енді дүние жүзін жаяу аралау мақсатын көздеп отырмын. Бұйырса, келесі жазда жолға аттанамын», - дейді Сәрсенбай Қотырашев.

Ақсақалдың айтуына қарағанда әлем бойынша сапарын келесі жылы Әзербайжаннан бастап одан әрі Еуропа елдері және АҚШ-қа бармақ.

Сондай-ақ, тізімде Қытай мен Моңғолия бар.

«Елді жаяу аралағанда атымды шығару немесе рекорд орнатуды мақсат еткен жоқпын. Мақсатым – еліміздің көркем жерлерін өз көзіммен көру болды. Кең байтақ Қазақстанның қасиетті жерін тану, өзгелерге насихаттау», - дейді ол.

Еске салсақ, ҚазАқпарат ұлытаулық 72 жастағы қарттың жаяу марафоны басталғалы хабар таратып келеді.

Жаяу сапар биыл наурызда Ұлытаудан басталған еді.

Жазда 4 мың шақырымды жаяу бағындырып елордаға жеткен ақсақалмен тілдестік.

Сондай-ақ, ақсақал сапары барысында қымыз мейрамын жандандыру керектігін айтып жүр.


Соңғы жаңалықтар