«Қазақстанды» жалдау құны - 50 мың доллар» - БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 ақпан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Ойпатты жердің тұманы ойландырады. Көкшетау - Алматы бағытындағы жолаушылар ұшағының апатқа ұшырап, адамдардың қаза табуы қабырға қайыстырар қайғы болып, баршаны қинап отыр. Апат айтып келмейді, өмір бар жерде өлім бар десек те, қайталанған оқиға ойландыруға тиіс. Осындай жайлардан алар сабақтың бірі әуежайлардың хал-күйі, орналасқан мекені болса керек. Редакциямызға осы күндерде қатар келген екі пікірдің де иелері негізінен бір ойды ортаға салады - Алматы әуежайын қаладан алыс­тау, тұман торламайтын тұсқа, Қапшағай маңайынан салу жөніндегі кезінде көтеріліп, қаржы қиындығына байланысты жүзеге аспаған ұсынысты қайтадан қараудың көкейге қонымдылығын айтады. Үкімет деңгейінде ғана шешім табуы мүмкін мемлекеттік мәселеге тиісті орындар назар салады деп сенеміз»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Әуе қауіпсіздігі - ұлттық қауіпсіздік» атты мақалада.

Кеше Астанада Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Алқа мәжілісінде негізгі баяндаманы жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамыт­беков сала бойынша өткен жылғы жұмыстардың қорытындыларына және 2013 жылы алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті. Министрдің айтуынша, өткен жыл ауыл шаруашылығы үшін күр­делі жыл­дардың бірі болған. Бірқатар аймақтар құрғақшылыққа тап болды. Алайда, елімізде соңғы жылдары енгізіле бастаған ылғал үнемдеу технологиясын белсенді түрде жалғастырудың арқасында жалпы алғанда, астық түсімін жаман деуге болмайды. Жиыны 12,9 миллион тонна бидай жиналған. Бұл өнім көлемі ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар экспортқа 7,8 миллион тонна бидай жөнелтуге (оның алдындағы жылдың қалдықтарын қоса есептегенде) мүмкіндік берді. Еліміздің экономикасында маңызды орын алып отырған осы саладағы мәліметтер жайында толық білгіңіз келсе, осы басылымдағы «Ауылды қолдау күшейе бермек» деген мақаланы оқып шығыңыз.


***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қазақстанды» жалдау құны - 50 мың доллар» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Елордадағы «Қазақстан» концерт залын бір күндік жалдау ақысы 50 мың АҚШ долларын құрайды. Егер өнер иесі дайындығымен қосқанда мәдени нысанды екі күнге жалдаса, 100 мың АҚШ долларын төлеуі керек. Бағасының тым қымбатқа түсуіне байланысты өткен жылы бұл залда аймақтардың гастрольдік концерттері мүлде өтпеген. Алматыдағы «Республика» сарайы да күндік ақысы үшін 40 мың АҚШ долларын сұрайды екен. Мұндай жағдайда ұлттық мәдениетті қалай дамытуға болады? Бұл сауалды Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісінде Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева қойды.

«Өткен аптаның өзекті тақырыбы - Мемлекет басшысының бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы тапсырмасын талқылауға арналды. Сонымен бірге евробонд нарығына қайта оралғысы келетін үкіметтің шешімі жайындағы ақпарат та қоғам назарын аударды деуге болады. Бұл банктердің шетелдік капиталмен жұмыс істеуіне шектеу қою ниетінен туындаған шешім»,-деп жазады «Айқын» басылымы. Сонымен, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі Ұлттық банкпен бірлесе отырып, бір ай ішінде бірыңғай зей­­нетақы қорын құру жөніндегі өз ұсы­ныстарын дайындауға сөз беріп отыр. Гри­горий Марченко осы мәселеге бай­ла­нысты көптеген жайттарды журналистер ал­дында ашық ортаға салды да. Оның ми­­нус­тары мен плюстарын, қордың рет­теушісі кім болуы керектігін, жеке жи­нақ­таушы зейнетақы қорларының қандай жолмен сатып алынуы керектігін, қордың қаржысын инвестициялаумен кімдер айналысуы тиіс екендігін - барлық мә­се­леге қатыстылар туралы түгін қалдыр­май қамти отырып, өз пікірін ашық жайып сал­­ды. Оның айтуынша, зейнетақы қор­ла­рын біріктіру механизмін үш айда жа­сауға болады. Егер үкіметтік ұйымдар мен парламенттен қолдау көрсетілетін болса ғана. Механизм келісімнің барлық про­цеду­раларынан өтуі тиіс. Марченко үшін маңыздысы - осы мә­селеге арналатын заң жобаларының Пар­ламенттен қалай өте­тіндігі болса ке­рек. Қажетті заң жедел қа­былданбайтын бол­са, Бірыңғай зей­не­тақы қорын құру про­цесі де ұзап кетуі әб­­ден мүмкін екен. Бұл мақала «Сырттан қашанғы қарыз аламыз?» деген тақырыппен беріліп отыр.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан На­зар­баев Ресей Феде­ра­ция­сы­ның Президенті Владимир Пу­тин­мен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары екі елдің 2013-2015 жылдарға арналған бірлесе әрекет ету жоспарлары аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, түрлі қызмет са­лаларындағы екіжақты ынты­мақ­тастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасылды. Әңгімелесудің қорытындысы бойынша мемлекет басшылары биылғы 8 ақпанда Мәскеуде жұмыс бабындағы кездесу өт­кі­зу туралы уағдаластыққа қол жеткізді, онда Біртұтас эко­но­микалық кеңістік пен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірлескен жұ­мыс­тың өзекті мәселелері қаралатын болады.

Соңғы жаңалықтар