Қазақстанды іргелі ғылымдар орталығына айналдыруымыз керек - жас ғалым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанды іргелі ғылымдар орталығына айналдыруымыз керек. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Назарбаев Университетінің жас ғалымы Сұраған Дөрбетхан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мен Монғолияда туған қазақпын. Қазақстан тәуелсіздік алғанда, шетте жүрген әр қазақтың мақсаты елге қайту болды. Мен де сол арманмен өстім. Қадірлі Елбасы, Сіз жүргізген саясаттың арқасында сырттағы ағайынға елге қарай жол ашылды, ата-баба аманаты орындалды. Сондықтан, барша қандастарымыздың атынан Сізге алғыс айтамын. Монғолияда, қанша ынтам болса да, мектепке бару мәселесі қиыншылық тудырды. Мал бақтым. Қой жайып жүріп, кітап оқып, есеп шығарып үйрендім. Қай мектепке жақын қоныстанамыз, сол мектепке барып емтихан тапсырып, орта білімді сырттай бітірдім", - деді ол.

Сұраған Дөрбетхан атажұртқа 2005 жылы, 17 жасында келген. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, нәтижесінде Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетіне түскен. Университетті бітірген соң, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда, Кингс колледжінде теориялық физика мамандығы бойынша магистратураны үздік аяқтаған. 2 жыл Лондондағы Империал колледжінде ғылыми жұмыспен шұғылданған.

"Содан елге қайтып, конкурсқа қатысып, Назарбаев Университетіне оқытушы болып қабылдандым. Монғолияда мал бағып жүріп өскен мен сияқты балаға бір кезде Лондонға барам, Назарбаев Университеті сияқты ордада жұмыс істеймін деген ой түсіне де кірмеген. Бұл - орындалған ғажайып арман!" - деді жас ғалым.

Сонымен қатар ол ҚР Президентінің бастамасымен құрылған Назарбаев университеті - бүгін әлемдегі танымал оқу орындарының біріне айналғанын айтты.

"Біздің оқытушы-зерттеушілеріміздің ізденістері дүниенің ең басты ғылыми басылымдарында жарық көруде. Енді жастарымыз өз елінде халықаралық деңгейде білім алуға толық мүмкіндік алды. 2018 жылы, менің математика ғылымындағы зерттеуіме «Ferran Sunyer i Balaguer Prize» халықаралық сыйлығы берілді. Бұл сыйлық, әлем бойынша жылына бір рет математика саласында жазылған ең үздік еңбекке беріледі. Сөйтіп, Азия елдерінен шыққан алғашқы жүлдегер және сыйлық тарихындағы ең жас ғалым атандым", - деді ол.

Оның пайымынша, іргелі ғылым - ұлт мерейі, ол сапалы жоғары білімнің тірегі, еліміздің адами капиталының негізгі көрсеткіші.

"Ендеше біз оның дамуына мүдделі болуымыз керек! Біз Қазақстанды іргелі ғылымдар орталығына айналдыруымыз керек! Бұл - қолдан келетін нақты іс! Мен жастарды осыған шақырамын", - деді ғалым.

Соңғы жаңалықтар