Қазақстанды 1 мыңнан астам босқын паналап отыр – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов Қазақстанға пана іздеп келген босқындар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты кейбір мемлекетте азаматтар елден кетуге мәжбүр боп жатыр. Бұл проблема біздің елді де айналып өткен жоқ. Қазіргі уақытта елімізде 500-ге жуық босқын және пана іздеп келген 722 адам тіркелген», - деді Ілияс Испанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, олармен жүргізетін жұмысты БҰҰ стандарттарына сәйкестендіру керек.

«Қазір босқындармен жұмысты біздің комитет үйлестіріп отыр. Жергілікті атқарушы органдармен және ішкі істер органдарымен бірге бұл жұмысты жалғастырамыз. Ең бастысы – олардың елге келіп тұруын заңдастыру, оларды шеттетпестен өмір сүру, өз еліндегі жағдай дұрысталған соң қайтару мәселесін қолға аламыз», - деді І. Испанов.

Аталған азаматтардың ішінен басым бөлігі Ауғанстан (415 босқын) мен Украинадан (537 пана іздеп келуші) келген.

Босқындар мен пана іздеп келген адамдардың негізгі бөлігі Алматы қаласында (343 босқын, 193 ПІК), Шымкентте (81 босқын, 48 ПІК), Алматы облысында (11 босқын, 58 ПІК) және Астанада (98 ПІК) жүр.

Бұған дейін Ілияс Испанов Қазақстан аумағында жүрген ресейліктер туралы мәлімет берген еді.


Соңғы жаңалықтар