Қазақстандағы ЖЭО апаттары: Проблеманы қалай шешуге болады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елдегі жылу-электр стансаларында апаттар жиілеп кетті. Сарапшылардың жылу жүйелерінің тозғаны туралы дабылы шынға айналып отыр. Ал бұған дейін жүргізілген «Инвестиция орнына тариф» саясаты жемісін берген жоқ. ҚазАқпарат жағдайдың осылай өрбуіне не түрткі болғанына талдау жасап көрді.

Бір жылда 5 стансада апат тіркелді

Биыл Қазақстанның жылу-электр стансаларында 5 апат тіркелді. Оның екеуі Петропавл қаласныдағы №2 жылу-электр орталығында, 20-27 наурызда болған еді. Оның алдында да, қыстың көзі қырауда аталған орталықтың 3 қазандық агрегаты апаттық жағдайда өшіп барып, іске қосылған.

Кәсіпорын өкілдері қондырғының тозғаны сонша, жұмыс істеуге қабілетсіз болып қалған деп түсіндірді.

20 наурызда жылу-электр орталығының түтігі ішінара бүлініп, 5 қазандық жарамсыз болып қалған. Ал 27 наурызда №2 жылу-электр орталығында тағы бір апат болды. Түтіктің бүлінуінен кейін бірінші қатардағы қазандық жұмысын тоқтатқан. Энергетик мамандар қалған қондырғының қызметін қалпына келтіріп, 5 қазандық пен 3 турбогенераторды іске қосты. Қосымша екі қазандық та дайындалды. Бірақ апат салдарынан екі қазандық пен екі турбина ғана жарамды болып шықты.

Ол кезде «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі апат себебін айтпады. Дегенмен, 22 наурызда облыстық прокуратура №2 Петропавл жылу-электр орталығының директоры мен бас инженерін ұстады.

Видеодан алынған кадр

Сондай-ақ, 2022 жылдың наурызында Степногорск жылу-электр орталығында апаттық жағдай болып, тұрғындар бірнеше күн бойы пәтерінде жылусыз отырғандарын айтып шағымданған еді.

Кәсіпорын апаттық жайттардың себебін желінің әбден тозғанымен байланыстырып бақты.

Петропавл мен Степногорск қалаларындағы апаттардан кейін сарапшылар мұндай жайттардың өзге қалаларда да қайталануы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қаққан болатын.

Сол дабыл шынға айналып отыр. Қарашаның басында Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының жылу-электр орталығында апат тіркелді. 5 қараша күні сағат 20.00-де «Риддер ЖЭО» АҚ-ның көмір шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандықтың көмекші қондырғысы тоқтап қалған. Салдарынан жылу құрылғысындағы температура +39°С дейін түсіп, (жоспарлы көрсеткіші – +70°С). Қазірдің өзінде 22 мың абонент температурасы нормадан төмен жылу тұтынып отыр.

Риддерліктер апатқа дейін де екі рет жылусыз болған. Ол кезде әкімдік мазуттың сапасынан ақау тауып, оған су қосылды деген ақпарат берген.

7 қарашада облыс әкімі Даниал Ахметов Риддер жылу-электр орталығын коммуналдық меншікке қайтару мәселесін көтерді.

Фото: instagram.com/danial.akhmetov.official/

Елдегі энергия жүйесі 80% тозған

Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымы Совет одағының мұрасы деп есептеледі. Мысалы, Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығы 1961 жылы іске қосылған. Өзге ірі энергетикалық нысандар да сол кезеңде салынған.

Тәуелсіздік жылдарында аталған нысандардың бәрінде бірдей күрделі жөндеу жүргізілмеген еді. Өйткені ол уақыт пен ақшалай шығынды қажет етеді. Бұл нысандарды кезек-кезекпен жұмыстан шығару арқылы біртіндеп жөндеп отыру қажет болған. Сонда тұтас энергетикалық жүйеде қазіргідей ақаулар болмас еді.

Өткен жылдар ішінде бәрінен бұрын электр энергиясының тарифтері соншалық ұтымды болмаған еді. Жаңа құрылыстар мен жаңарту жобалары тарифтен көрініс таппады. Өзге елдерде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтері әр отбасы бюджетінің елеулі үлесін алып жатыр.

Кейінгі 7-8 жылда энергия нысандары толық жаңартылмағандықтан елде энергетикалық жабдықтар мен активтердің тозуы шектен асып кетті. Атап айтқанда, генерациялық жабдықтар орта есеппен 65%, электр желілері 83%, жылу желілері 80% тозған. Яғни, сарапшылар айтқандай, апаттардың қашан болатыны уақыттың құзырындағы ғана мәселе болатын.

Энергия тұтыну көлемі күн санап өсіп келеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы мамыр айында елде энергия тұтыну көлемінің артқанын айтқан еді.

«Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Қазақстанда энергия тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Бірақ бұл іске қосылып жатқан жаңа энергия көздерінің өсу қарқынына сәйкес келмейді. Шын мәнінде, елдің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты», – деген болатын Электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.

Ал оның алдында Президент 2030 жылы Қазақстанда халық саны мен экономиканың өсуіне байланысты электр энергиясының тапшылығы болатынын айтқан болатын.

Сондықтан Президент электр энергиясын тиімді жұмсау және үнемдеу қағидатын ұстанып келді.

«Қазақстан – әлемдегі энергияны көп қажет ететін елдердің бірі. Қазақстан экономикасы ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда энергияны үш есе көп шығындайды. Біздің жалпы ішкі өнімнің құрылымында негізгі үлесті қызмет көрсету секторы алады. Бұл өнеркәсіп кәсіпорындарындағы негізгі қоры мен жабдықтар ЭЫДҰ мен әлемнің басқа да озық елдерінің заманауи стандарттарына сәйкес келмейтінін көрсетеді. Біздегі өнеркәсіптің негізгі қорын нақты жаңғырту жұмыстары көзалдау деңгейінде ғана жүреді» - деген еді Мемлекет басшысы.

Тұтынудың артуы, сондай-ақ өндіріс кәсіпорындарының баяу модернизациялануы электр станциялары қуатын сарқа жұмыс істеуге мәжбүр. Салдарынан жөндеу жұмыстары мен модернизация кейінге қалуда. Мәселен, 2021 жылы Екібастұздағы «ГРЭС-1» және «ГРЭС-2» нысандары өз тарихындағы электр энергиясының максималды көлемін өндірді.

27 қарашаға қараған түні Екібастұздағы бірнеше қазандық бірден жұмысын тоқтатып, тұрғындар 30 градустық аязда жылусыз қалды.

Фото: instagram.com/ete_ekb

Екібастұздағы жағдайды Президент асқан алаңдаушылықпен қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа ел қалаларындағы проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарауды тапсырды. Апаттар мен ақаулардың түпкі себебі инфрақұрылымның тозуынан десек, оның себебі энергетикалық нысандарды басқарудың тиімсіз болғанын көрсетіп отыр.

Фото: pavlodarnews.kz

Түйткілді энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтарса...

Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмұтова энергия жүйесіндегі жеке ұйымдарды басқарудың сапасы туралы пайымын айтқан еді.

«Коммуналдық инфрақұрылымның шектен тыс тозып, 70% - ға дейін жетуі бір күннің ішінде пайда болған проблема емес. 10 жыл бұрын біз электр энергетикасы саласындағы инвестицияларды талдап, зерттеу жүргіздік. Соның негізінде ұсыныстар түзіп, баяндама жарияладық. Бірақ, өкінішке қарай, ол кезде салмақты реформалар болған жоқ. «Инвестиция орнына – тарифтер» бағдарламасы қабылданды. Бірақ тарифтердің өсуін меншік иелері маржа деп қабылдаған сияқты. Әйтпегенде инфрақұрылымды жаңартудың нәтижесі көрінер еді ғой», - дейді сарапшы.

Меруерт Махмұтова Екібастұздың жағдайында апаттың бүкіл жауапкершілік меншік иесіне артылуы керектігін айтады.

Фото Константина Шелкова

Ресми мәліметтерге сенсек, Қазақстанда электр энергиясын 158 электр станциясы өндіреді. Олардың көбі жеке меншікте. 1996 жылдан бастап «KEGOC» компаниясы елдегі бүкіл энергетикалық жүйенің бірыңғай жүйелік операторы болып бекітілген.

Меруерт Махмұтова да энергия объектілерін мемлекет меншігіне қайтару дұрыс деп есептейді. Тек бұл біраз уақытты қажет етпек.

Қазіргі таңда ҚР Үкіметі мен Бас прокуратура бірқатар жылу-электр орталығын мемлекет меншігіне беру бағытында дайындық жүргізіп жатыр. Бұл мәселе 24 қарашада экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысында да қаралды.

Саланы сапалы басқару ғана оңалта алады

Энергетика саласындағы сарапшы Жақып Хайрушевтің айтуынша, Екібастұздағы апатты оқыс оқиға деп бағалау қисынға келмейді.

«Сарапшылар бірнеше ай бұрын штаттан тыс жағдайлар орын алуы мүмкін қалаларды атап берген болатын. Сондықтан бұл кездейсоқ емес. Біз Жылу-электр орталықтарына қанша ақша бөлініп жатқанын, ал олардың шынайы жағдайы қандай екенін көріп отырмыз. Екібастұздағы апаттың себебін осы тұрғыда қарауға болады» - деді Жақып Хайрушев.

Оның пайымынша, мәселені шешудің жолы бар.

«Мен Премьер-Министр жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесімін. Біз энергетикалық нарықпен бірлесіп 10 нақты ұсыныс жасадық. Басқаша айтсақ, біз оларды «үздік 10 мәселе» деп атаймыз. Шын мәнінде салада проблема жетерлік. Біз соның ең салмақты деген онын таңдап алдық.

Бірінші мәселе – бірыңғай реттеуші саясатты көздейтін белгілі бір мемлекеттік органды құру. Ол орган тариф белгілеу және жөндеу жұмыстарын бақылау мәселелерін, энергия үнемдеу мәселелерін, көмір, мазут сияқты қажетті отынды сатып алып, қазандықтарды қыста дайындау мәселелерін қадағалауы қажет», - дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Энергетика министрлігі жылу желілерінің мәселесі туралы есеп бергенімен, шын мәнінде сала оның құзыретіне кірмейді.

«Бұл мәселе бойынша құрылымына Табиғи монополияларды реттеу комитеті кіретін Ұлттық экономика министрлігі баяндауы тиіс еді. Өйткені тарифтерді солар бекітеді. Тарифті бекітеді екен, оның орындалуын, олардың қаншалықты әділ деген сияқты мәселелерді де солар бақылауы керек еді», - дейді маман.

Яғни, мемлекеттің энергетика саласын бақылау функциясы бытыраңқы жүйеге құрылған.

«Бұл жерде нысанға кімнің иелік еткені емес, басқарудың қаншалықты сауатты болғаны маңызды. Әр министрлік өзінің жұмыс шеңберінде жауап беретін салалық бағдарлама қажет», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, өңірлерде жылумен жабдықтау схемалары да жоқ.

«Жылумен жабдықтау схемаларын құру қажет. Оның қалай аталатыны маңызды емес - жылумен жабдықтау схемасы немесе шеберлік жоспары болсын, жол картасы немесе іс-шаралар жоспары болсын, бастысы әр аймақты жылумен қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді жоспары керек. Бұл ретте олар орталық мемлекеттік органның даму жоспарымен үндестірілуі керек», - деді энергетик.

Сарапшының пайымынша, жылу нысандарын жеке меншіктен мемлекеттік меншікке беру кезінде обьектілердің жай-күйіне сапалы аудит жүргізу маңызды. Өйткені, ірі нысандарды жаңарту көп уақытты қажет етеді. Яғни, негізгі қуаттарды ауыстыру үшін кәсіпорын жұмысын тоқтата тұруы керек.

Ол тарифтерді қайта қарамай болмайтынын айтады.

«Компанияның жағдайын азды-көпті дәрежеде қалпына келтіру үшін бұрын белгіленген тарифтерді көтеру керек. Өйткені ол кезде салынған тарифтің ішіне нысанды қайта құрылымдау және жаңғырту шығындары кіргізілмеген. Сондықтан ондай тариф өзін ақтамады. Ондай тиімсіз тарифті ұлғайту қажет», - деді Жақып Хайрушев.

Бұл мәселені Мемлекет басышсы да бірнеше рет атап өтіп, тарифтерді ұзақ мерзімге өзгеріссіз қалдыруға болмайтынын ескерткен.

«Электр энергиясына белгіленген тарифтер негізі бар шығындарды жауып, саланың дамуына мүмкіндік беруге тиіс», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Электр энергетикасын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.

Түйіндесек, елдің жылу-электр станцияларындағы апаттардың жиілеп кетуі бірнеше қордаланған фактордың әсерінен болып отыр.

Біріншіден, елдің энергетикалық қуаты 80% тозған. Екіншіден, бір жағынан халық саны өсіп, экономика дамып келеді. Бұл логикалық тұрғыдан тұтынудың артып, жылдамдауына әкеледі.

Фото Валерия Бугаева

Үшіншіден, жылу-электр орталығының көбі жеке меншіктің қолында. Олардың бұл нысандарды қаншалықты сапалы басқарып отырғанына баға берілетін күн жақын.

Президент тапсырғандай, құзыретті органдар «Инвестиция орнына – тариф» бағдарламасы бойынша мемлекет ұсынған мүмкіндіктерге баға беруі керек.

«Жылу-электр орталығының иесі нысанды жаңғырутға деп елден тариф арқылы алған ақшаны қаншалықты мақсатқа сай қолданды?», Әлде ол ақшаны маржа ретінде қалтасына баса берді ме?» деген мәселеге көбірек назар аударылмақ.

Жылу-электр орталықтарындағы апаттар жиілеп кетті. Сарапшылар энергетикалық қуат көздерін мемлекеттің басқаруына қайтару керектігін айтып отыр. Алайда саланы сапалық тұрғыда дамытатын жүйелі бағдарлама іске аспаса, ол да мәселені түбегейлі шешпейтін түрі бар.

Фото Валерия Бугаева


Басты фото: Константин Шелков








Соңғы жаңалықтар