Қазақстандағы жасыл технологиялар енгізілген үздік жобалар қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар» КЕАҚ басшысының орынбасары Салтанат Рахымбекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы жасыл технологиялар енгізілген үздік жобаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЭКСПО-ға дайындалған кезде біздің бір үлкен жетістіктеріміздің бірі - Үкіметтік емес ұйымдар жасыл технологияларға қатысты алаңдарды ұйымдастырған болатын. Өздеріңіз білетіндей, Арнасай ауылындағы мектепке пиролизді пештер орнатылып және күн коллекторы қойылғандықтан жыл сайын 3 миллион теңге бюджет қаражатын үнемдеп отыр. Екіншіден, мемлекетіміздегі 100 мектепте энерготиімді пештер, күн коллекторлары орнатылған. Ең жақсы жетістіктерді айтайын. Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданындағы бір мектепте электр қуатымен жылытылғандықтан жылына 15 миллион теңге жұмсайтын. Ол аудандағы мектепке осы пиролизді пешті қойған кезде оның жылуға кететін сома 3 миллион ғана болды. Осы Астана қаласының өзінде сондай екі мектеп бар. Мысалы, 25 мектепте автоматты жылыту пункті қойылған. Ол да қаражатты үнемдеп отыр», - дейді Салтанат Рахымбекова.

Оның айтуынша, Астананың «Нұрлы жол» желе-жолының бойында үлкен «жел-қуатты ағашы» тұр. Сол жердегі кешкі жарықтың барлығы сол жел энергиясы арқылы жанады.

«Әлеуметтік нысандарға біздің технологияларды ұсынсақ қаржыны үнемдеуге болады. Сізге келесі дәлелдерді айтып берейін. Біздің «Сапромат» деген компаниямыз Солтүстік Қазақстан мен Павлодардағы 200 мектепті өздеріне алып, сол мектептердегі жылу жүйелерін жаңарта отырып, өздерінің құйған қаражаттарын қайтарып аламыз деп отыр. Яғни, кәсіпкерлер жұмсаған ақшасын қайтарып алатынына толығымен сенеді. Сондай жобаларды Үкіметке ұсынып, халықтың қаржысын төрт есе артық кетірмей, үнемдей алар едік», - дейді ол.

Салтанат Рахымбекова ауылдық жерлерде 5-6 мың мектеп барын айтады.

«Әрқайсысы жылу маусымы кезінде 3 миллионнан үнемдесе, жыл сайын 50-60 млрд теңгені үнемдеуге болар еді. Үкіметке жобаларды ұсынып отырмыз. Менің ойымша, бұл мәселеде жетістіктер әлі алда», - деп түйді Салтанат Рахымбекова.

Соңғы жаңалықтар