+7 (701) 759 90 19
USD 389.94 EUR 433.50
RUB 6.10 CNY 55.13
Jańalyqtar

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылғы 21 сәуір 12:50
Бөлісіңіз:
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада бірқатар министрліктерде және облыс әкімдіктерінде тағайындаулар болды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындаулар шолуын оқырман назарына ұсынады.

***

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесіндегі Қазақстан өкілі болып тағайындалды.

Айта кетейік, Комиссия кеңесі Одақ шеңберіндегі интеграциялық процесттерді реттейді және Комиссия жұмысына жетекшілік етеді. Комиссия кеңесінің құрамына заң жүзінде тиісті құзыреттері бар Одаққа- мүше мемлекеттердің Премьер-Министрлерінің орынбасарлары кіреді.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Әлтайыр Ахметов ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып тағайындалды.

Әлтайыр Амангелдіұлы Ахметов 1979 жылы 10 маусымда Маңғыстау облысы Ақтау қаласында дүниеге келген. Заң ғылымдарының кандидаты. 2000 жылы Қазақ Мемлекеттік Заң академиясын бітірген, құқықтанушы. Еңбек жолын 2000 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің заң бөлімінің референті, атташе ретінде бастаған. 2016 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқу жұмысы және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-ректоры болып жұмыс істеді.

***

Осы аптада ҚР Үкіметінің Қаулысымен Талғат Жеңісұлы Жанжүменов ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Т. Жанжүменов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ленин комсомолы атындағы Вольск Жоғары әскери тыл училищесін, РФ Қорғаныс министрлігінің Әскери тыл және көлік академиясын, РФ Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясын тәмамдаған. Жоғары арнайы әскери, оперативті-стратегиялық білімі бар офицер.

***

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Сайранбек Солтанбекұлы Бармақов Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

С. Бармақов 1963 ж. Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен жол-құрылыс институтын бітірген. Мамандығы - инженер-механик. Еңбек жолын 1986 ж. Талдықорға облысында Бөрлітөбе аудандық автомобиль жолдары мекемесінде желілік механик, бас инженер болып бастады. 2015 жылдан 2019 жылға дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары. 2019 жылдың ақпан айынан бастап қазірге дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасының орынбасары болды.

***

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Мадияр Дүйсенбайұлы Қожахмет Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

М. Қожахмет 1984 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша Чехия қоғамдық ғылымдар университетін тәмамдаған. 2003-2008 жылдары - «Қазақстанның жастар конгресі» республикалық жастар ұйымында жұмыс істеді. Жобаларды үйлестірушіден бастап атқарушы директорға дейінгі еңбек жолынан өтті.

2014-2017 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2017 жылғы қазаннан бастап қазіргі кезге дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

***

ҚР Білім және ғылыми министрінің бұйрығымен Талғат Ілиясұлы Ешенқұлов Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Т. Ешенқұлов 1978 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1999 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін үздік, 2010 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін тәмамдаған. Экономика және юриспруденция салаларындағы маман біліктілігіне, сондай-ақ «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бейіні бойынша PhD докторы дәрежесіне ие.

Еңбек жолын 2000 жылы сот жүйесі органдарында бастаған. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде түрлі басқарушылық қызметтер атқарған.

2018 жылдың наурызынан осы жылдың қыркүйегіне дейін әлеуметтік демалысы кезінде Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі лауазымын атқарды. 2018 жылғы 14 қыркүйектен бастап Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2019 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі қызметінде болды.

***

Руслан Қанатханұлы Әлішев СҚО әкімінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Руслан Әлішев М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін тәмамдаған. 2004-2013 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің инспекторы, Ішкі саясат басқармасының орынбасары және басшысы, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.

2018 жылдан бастап осы тағайындауға дейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметінің» басшысы болып жұмыс істеді.

***

Бұл аптаның ортасында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне Бақытжан Кәкенқажыұлы Баяхметов тағайындалды. Бақытжан Кәкенқажыұлы 1970 жылдың 29 тамызында Семей облысы Аягөз қаласында туған. 1992 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту ордені ауылшаруашылық институтын инженер-электрик мамандығы бойынша, 2008 жылы Алматы Орталық Азия университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992-1999 жылдары «Алтайэнерго» мекемесінде Аягөз электр торабының инженері ретінде бастап, 1999-2000 жылдары жергілікті автоматикалық релелік қорғау қызметінің бастығы болып тағайындалады.

2009 жылдың маусымында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бас эксперті болып тағайындалды. 2009 жылғы қазанынан бастап Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің бастығы қызметіне ауысты. 2010 жылдың қарашасынан Аягөз қаласының әкімі болып жұмыс істеді. 2014 жылдың шілдесінен Ұлан ауданының әкімі қызметін атқарса, осы жылдың желтоқсан айынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Аягөз ауданын басқарды.

***

Шығыс Қазақстан облысында Аягөз, Зайсан және Тарбағатай аудандарына жаңа әкімдер тағайындалды,

Ділдәбек Тәжібайұлы бұған дейін Тарбағатай ауданының әкімі болған. Осы аптадан бастап Аягөз ауданын басқарады.

Зайсан ауданына тәжірибелі басшы, осы өңірдің тумасы Серік Қасымбекұлы Ақтанов әкім болып келді. Ол ұзақ жылдар бойы жол құрылысы саласында еңбек еткен.

Тарбағатай ауданының жаңа әкімі Серікқазы Құсайынұлы Сәдуақасов 2014 жылдан бастап Үржар ауданы әкімінің орынбасары лауазымын иеленді.

***

Осы аптаның соңында Жамбыл облысы әкімінің жаңа орынбасары болып Календеров Нұржан Сәбитұлы тағайындалды.

Нұржан Сәбитұлы 1976 жылы туған. Білімі жоғары, 1997 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «халықаралық экономикалық қатынастар»» мамандығы бойынша бітірген. Өз еңбек жолын 1997 жылы «Арнабол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бухгалтері болып бастаған.

2017 жылғы наурыздан бастап Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді. Айта кетейік, Н. Сәбитұлы ендігі жерде индустриалды-инновациялық дамыту, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, туризм, еңбекті қорғау салаларына жетекшілік жасайтын болады.

***

«Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы ретінде Әлішер Елісұлын Әбдіқадыров бекітілді.

Ол еңбек жолын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде бастаған. Әр жылдары Павлодар облысының, Нұр-Сұлтан қаласының индустриялық-инновациялық даму басқармаларына басшылық етті.

***

Өңірлердегі қылмыстық-атқару жүйесінде кадрлық ауыс-түйістер болды.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшысы лауазымына СҚО ҚАЖ депаратментін басқарған әділет полковнигі Нәкенов Мұрат Сабырұлы тағайындалды.

Әділет полковнигі Нәкенов М. С. 1974 жылы Көкшетау облысында туған, заңгерлік бойынша жоғары білім алған. Пенитенциарлық жүйедегі қызметін 1997 жылы СҚО ІІБ ҚАЖ басқармасының мамандандырылған медициналық-профилактикалық мекемесі бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Түрлі жылдары ол облыстық ҚАЖ депаратментінің басшысының орынбасары, мекемелер басшысы қызметтерін атқарды.

Дәл осындай бұйрықпен Әділет подполковнигі Басаров Жасталап Ерсайынұлы Маңғыстау облысы ҚАЖ департаментінің басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін Ж. Басаров Атырау облысындағы ҚАЖ департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. Басаров Ж.Е. 1972 жылы Ақтөбе облысында туған. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі еңбек жолын Ақтөбе облысындағы ҚАЖ басқармасының ҚА-168/3 мекемесінде сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы жөніндегі бөлім тәрбиешісі болып бастаған.

***

Президент Әкімшілігінің келісімімен Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Арыстанғани Расылханұлы Заппаров тағайындалды.

Арыстанғани Расылханұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының Заң институтын бітірген. Ішкі істер органдарында 1993 жылдың қараша айынан бері қызмет атқарады. Орта және жоғарғы басшылық құрамдағы қызметтерді атқарды. Жергілікті бөліністердегі басшылық қызметте мол тәжірибесі бар. Әр жылдары Алматы облысы Полиция департаменті Еңбекші қазақ ауданының Полиция басқармасын, Алматы қаласы Алатау ауданы Полиция басқармасын, Ақмола облысы Полиция департаменті Степнагорск қаласы Полиция басқармасын басқарды, Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болды. 2018 жылдың қаңтар айынан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметін атқарады.

***

Аптаның ортасында ҚР Бас прокуратурасының бұйрығымен Алматы қаласы прокурорының орынбасары болып Нұрсұлтан Рақышев, Медеу ауданды прокуроры болып Асхат Жақыпов тағайындалды.

Нұрсұлтан Рақышев 1984 жылы туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Астана прокуратурасы басқармасынан бастаған. Әр жылдары ҚР Бас прокуратурасының департамент бөлімінің прокуроры, басқарманың бас прокуроры, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі болып қызмет еткен. 2017 жылғы шілдеден бастап ҚР Бас прокуратурасының Ресей Федерациясындағы өкілі болған.

Жақыпов Асхат 1977 жылы туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы Алматы прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығы бөлімінің бас маманы болып бастаған. Әр жылдары Медеу, Жетісу аудандары прокурорларының орынбасары болып қызмет еткен. 2018 жылдан бастап Алматы прокуратура басқармасының басшысы болып істеген.

***

Бисақаев Өркен Серікқалиұлы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Бисақаев Өркен 1977 жылғы 24 шілдеде Батыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Екі жоғары білімі бар. 1999 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін (Экономика және менеджмент, инженер-экономист), 2010 жылы Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін (Заң мамандығы) тәмандаған.

2000-2007 жылдары қазақстандық және шетелдік компанияларда түрлі лауазымдарда қызмет етті. Түрлі жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болды. Маңғыстау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының және Туризм басқармасының басшысы болды. Соңғы лауазымы - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.

***

«NUR Media» холдингтің жаңа бас директоры болып белгілі журналист Әлия Бөриева тағайындалды.

Әлия Бөриева еңбек жолын Шымкенттегі «Отырар» телеарнасынан бастаған. Әр жылдары КТК, Qazaqstan және «Астана» телеарналарында, түрлі мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінде жұмыс істеді. 2006 жылдан бастап Әлия Бөриева «Nur Otan» партиясы орталық аппараты мен «NUR Media» холдингінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды.

***

Белгілі тележурналист, білікті маман Бибігүл Жексенбай «Астана» телеарнасының бас директоры болып тағайындалды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Сондай-ақ бизнес-басқару магистрі. Еңбек жолын қатардағы корреспонденттен бастап еліміздегі ірі бұқаралық ақпарат құралдарының топ-менеджеріне дейін көтерілді.

«Құрмет» ордені, БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10-жылдығы», «Астананың 10-жылдығы» мерекелік медалдарымен марапатталған және «Мәдениет қайраткері» атағының иегері.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT