Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстанда осы аптада болған кадрлық ауыс-түйістерге шолуды ұсынады.

19 желтоқсан күні Маңғыстау облысының Білім басқармасына басшы болып Асқар Әбиұлы Сейдалиев тағайындалды.

Асқар Сейдалиев 1993-1997 жылдары «Агротехника» кооперативінде, «Қуат» АҚ-да, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бұрғылау жұмыстарының Жетібай басқармасында шебер, бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек еткен. 1997 - 2017 жылдар аралығында Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде оқытушы, жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, ректордың көмекшісі, мұнай және газ институты директорының орынбасары, тәрбие жұмысы жөніндегі проректор, «Мұнай және газ» факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Ал 2017 жылдың қазанынан бастап осы уақытқа дейін университеттің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры болды. 

Сондай-ақ, 2008 жылы  Қытай мұнай университетінде, 2013-2015 жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Colorado School of Mines» университетінде (АҚШ) кәсіби тағылымдамадан өткен. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және 2011 жылы Елбасының алғыс хатымен марапатталған. Жетпістен астам монография мен ғылыми мақалалардың авторы. 

Бұл күні Орал қаласында Азамат Шайхы «Ақжайық» футбол клубының директоры болып тағайындалды.

Азамат Ерболұлы «Намыс» спорт клубы мен №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері, сондай-ақ «Ақжайық» спорт клубында самбо күресі жөніндегі спортшы, «Ақжайық» допты хоккей командасының бастығы, бас директордың орынбасары қызметін атқарды. 2015 жылдан бері «Ақжайық» спорт клубының директоры болды.

Айта кетейік, «Ақжайық» биыл Премьер-лига командалары арасындағы ел чемпионатында соңғы орын алғандықтан, бірінші лигаға түсіп қалған болатын. Алдағы маусымда Премьер-лигаға қайта шығу үшін күреседі.

Сонымен бірге, 19 желтоқсан күні ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола облыстық сотының судьясы, аудандық соттардың төрағасы мен судьялары тағайындалды.

«ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» 2018 жылғы 11 желтоқсандағы Жарлығымен Шортанды аудандық сотының төрағасы қызметіне Бейбіт Нұржан,  Ақмола облыстық сотының судьясы қызметіне Әскербек Жакулин, Астрахан аудандық сотының судьясы қызметіне Жангелді Ахметов, Бурабай аудандық сотының судьясы қызметіне Динара Аманжолова, Степногор қалалық сотының судьясы қызметіне Жанар Хамза, Целиноград аудандық сотының судьясы қызметіне Динара Мерзадинова тағайындалды.

Сонымен қатар, құрметті отставкаға кетуіне байланысты Ақмола облыстық сотының судьясы Бейсембай Сарсенов атқаратын қызметінен босатылды.

Осы аптада «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының жаңа басқарма төрағасы тағайындалды. Бұл лауазымға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы шешімі негізінде және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С. Мыңбаевтың бұйрығымен Арман Тұрлыханұлы Сұлтанов бекітілді.

Арман Сұлтанов 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің физика факультетін, 2008 - 2010 жылдары Қазақ жол қатынастары университеті, экономика факультетін бітірген. 2014 - 2016 жылдары Қазақ Көлік және коммуникация академиясында, 2016 жылы -  Cambridge International Centre (Great Britain)-де білім алған.

Ол 1999 - 2000 жылдары - «AES-MARCHE» ЖШС жалпы мәселелер жөніндегі менеджер, директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары; 2000 - 2001 жылдары - «Астанаэнергосервис» ААҚ маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы; 2001 - 2002 жылдары - «Казахойл продактс» АҚ Астана филиалы, мұнай өнімдерін іске асыру маркетингі жөніндегі менеджері; 2002 - 2008 жылдар аралығында- «Казтранссервис» АҚ маркетинг бөлімінің сарапшысы, даму және маркетинг бөлімінің бастығы, көлік-экспедициялық қызмет көрсету басқармасының бастығы, маркетинг және сату басқармасының бастығы, атқарушы директор; 2008 - 2010 жылдары - «ҚТЖ» ҰК» АҚ Тасымалдар маркетингі департаментінің директоры; 2010 - 2012 жылдар аралығында - «ҚТЖ» ҰК» АҚ Жолаушылар тасымалы жөніндегі басқарушы директор; 2012 - 2014 жылдары - «Казтранссервис» АҚ президенті; 2015 - 2016 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ Логистика жөніндегі басқарушы директоры; 2016 жылғы желтоқсан мен 2017 жылғы қараша аралығында - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Даму жөніндегі вице - президенті; 2017 жылғы 22 қарашадан соңғы тағайындауға дейін - «ҚТЖ» ҰК» АҚ Атқарушы директоры - «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті болған.

20 желтоқсан күні «Қазақстан темiр жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Кристиан Кун сайланды.

Кристиан Кун 1965 жылы Германияның Майндағы Франкфрут қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, техника ғылымдарының кандидаты. Неміс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Бүгінгі тағайындауға дейін RheinCargo GmbH & Co KG басқарушы директоры, темір жол мен логистика саласындағы тәуелсіз консультант болған.

 

 

Соңғы жаңалықтар