Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51
Jańalyqtar

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2018 жылғы 14 шілде 12:44 68
Бөлісіңіз:
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада еліміздің Түрікменстандағы Елшісі ауысып, Ауыл шаруашылығы вице-министрі тағайындалды. Сондай-ақ республикалық мәртебе алған Шымкент қаласының екі ауданында жаңа әкімдер қызметіне кірісті. ҚазАқпарат  апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жандос Әнуарұлы Асанов Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

 Жандос Асанов 1969 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. Алматы шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. 2004-2006 жылдары - ҚР СІМ референті, ҚР Пәкістандағы елшілігінің атташесі, үшінші, екінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі, ҚР Президентінің хаттама қызметінің консультанты, ҚР Премьер-Министрінің хаттама қызметінің жетекшісі - хатшылық меңгерушісінің орынбасары, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің бірінші хатшысы, ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің директоры. 2006-2008 жылдары - АӨІСШК хатшылығының атқарушы директоры. 2008-2009 жылдары - ҚР-ның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесші-елшісі. 2009-2012 жылдары - ЕҚЫҰ Минск қаласындағы кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР-ның Бельгиядағы елшілігінің кеңесші-елшісі. 2012-2013 жылдары - ҚР Парламенті Сенаты аппараты жетекшісінің орынбасары. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев 1966 жылғы 12 ақпанда Қостанай облысында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын 1990 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастады. 1996 жылдан 2006 жылға дейін республикамыздың банк жүйесінде түрлі лауазымдарды атқарды. 2006 жылдан 2009 жылға дейін «Аstana Capital Investment Group» ЖШС бас директоры қызметін атқарды. 2009 жылдан 2011 жылға дейін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болды. 2011 жылы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. 2012 жылдан 2018 жылғы мамырға дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-да басқарушы директор - басқарма мүшесі қызметін атқарды. «Экономика» мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор. Еуропалық Жаратылыстану Академиясының корреспондент мүшесі, Эдинбург қаласы, Шотландия. Гарвард бизнес мектебінің (Harvard Business School) Жалпы басқару бағдарламасын (General Management Program) тәмамдаған. «Құрмет» орденімен марапатталған. 

ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен Тілегенов Әлібек Балықбайұлы Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалды

Ә.Тілегенов 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын «Ауыл шаруашылығы экономика және ұйымдастыру», ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Ұлттық Жоғары мектебін «Мемлекеттік басқару» біліктілігі бойынша, Қызылорда мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша оқып бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Мақтаарал ауданы Коммунизм кеңшарында «Трудовосток» бөлімшесінің бухгалтері болып бастаған. Ол әр жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі аудандық басқармасының экономисі, аға және бас экономисі, аудан әкімінің орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік салық инспекциясы салық комитетінің басқарма бастығының орынбасары, мемлекеттік Кіріс министрлігінің басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары, Тараз қаласы бойынша салық комитетінің төрағасы, Жамбыл, Қарағанды облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары, Қызылорда  облысы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2010-2018 жылдары Шымкент қаласы бойынша салық басқармасының бастығы, Қызылорда  облысы бойынша салық департаментінің басшысы, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып еңбек еткен.

Жамбыл облысы әкімдігінің Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы тағайындалды. Бұл қызметке Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Айтқұлов Қанат Оңғарұлы келді.

Қ.Айтқұлов 51 жаста. Алматы сәулет-құрылыс институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша, Технология, құрылыс, бағалау және сапаны басқару институтын «Бағалаушы» мамандығы бойынша, Д.Қонаев атындағы университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 1992 жылы «Ақжол» агробірлестігінде құрылыс учаскесінің шебері болып бастады. 2005 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеді. Кейін Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінде бөлім бастығы, «Кайрат и Ко» «АСК» ЖШС-да өнеркәсіптік база басшысы қызметінде болды. 2015 жылы Алматы облысы бойынша бас мемлекеттік архитекторы, 2015-2016 жылдары «TengriCapitalCompany» ЖШС басшысының орынбасары, 2016-2018 жылдары алматылық «Промсвязь» зауыты бас директорының орынбасары. 2018 жылдың наурыз айынан осы уақытқа дейін «Тараз химиялық паркі» ЕЭА» АҚ-да құрылыс жұмыстарын бақылау жөніндегі департамент директоры болды. 

Шымкентте екі ауданға жаңадан әкім тағайындалды. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс өткен 34-ші сессиясында депутаттар Қаратау мен Әл-Фараби аудандарының әкімдерін тағайындау туралы ұсынысқа келісімдерін берді. Атап айтқанда, Қаратау ауданының әкімі қызметін Исамидин Мұхитдинұлы Қантөреев атқаратын болды. Исамидин Мұхитдинұлы 1984 жылы туған. Білімі - жоғары, заңгер-экономист. Қызмет жолын 2005 жылы ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі «Өндірістік және жедел кәсіпорын» ЖШС-де экономист болудан бастаған. 2008-2009 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Ақпарат және тестілеу орталығы» ММ-нің Батыс Қазақстан облысы бойынша е-кадр жөніндегі операторы, 2009 жылдың сәуірінен «Персоналды басқару бойынша ұлттық орталығы» АҚ ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің аумақ бойынша бағалау және мониторинг басқармасының сарапшысы, 2013-2015 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық бақылау жұмысы бөлімінің референті қызметтерін атқарған. 2016 жылдың сәуірінен бүгінгі таңға дейін Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.

Ал,  Әл-Фараби ауданының әкімі болып Мәуленқұлов Ғабит Патшаханұлы тағайындалды.

Ғабит Патшаханұлы 1977 жылдың 22 наурызында дүниеге келген. Білімі - жоғары, заңгер. Еңбек жолын 2000 жылдары Каспий экологиялық прокуратурасында маман болудан басталған. Кейіннен Каспий экологиялық прокуратурасы прокурорының көмекшісі міндетін, Атырау табиғатты қорғау прокуратурасы прокурорының көмекшісі міндетін атқарды. 2001 жылдан бастап «Астана Интернационал» ЖШС-де заңгер болған. 2002-2016 жылдары ҚР Жоғарғы Сот аппаратында түрлі қызметтер атқарды. 2016-2018 жылдары Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі лауазымында қызмет атқарды. 2018 жылдың наурызынан бері Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.

Республикалық «Қазақ әдебиеті» және «Ана тілі» газеттеріне жаңа бас редакторлар тағайындалды.  Қазақстан Жазушылар одағына қарайтын «Қазақ әдебиеті» газетіне белгілі журналист, жазушы Дәурен Қуат бас редактор болып тағайындалса, «Ана тілі» газетіне - журналист, ақын, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болған Жанарбек Әшімжан келді.

Дәурен Қуат - 1973 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Қапал ауданында дүниеге келген. М. Қашқари атындағы және Ғ. Мүсірепов атындағы сыйлықтардың лауреаты. «Дәстүр» баспасынан «Әлқисса» атты прозалық кітабы жарық көрген. «Abai.kz» ақпараттық порталының негізін қалаған.

Жанарбек Әшімжан 1976 жылы Алматы облысы Кеген ауданында туған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1996-1999 жылдары қалалық «Алматы ақшамы» газетінде тілші, 2000 жылы «Қазақстан» журналында бөлім редакторы қызметтерін атқарған. 2000-2005 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінде бөлім меңгерушісі, 2005 - 2008 жылдары республикалық «Жас қазақ» ұлттық апталығында бас редактордың орынбасары болып қызмет еткен. 2008 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болды.

«Атырау» ФК-ның жаңа директоры болып 33 жастағы Қонысбай Шпанов тағайындалды.

Қонысбай Шпанов 2002-2003 жылдары Алматы қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған Қ.Ахметов атындағы мектеп-интернатта тәлім алған. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін бітірген. 2010-2012 жылдары Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер  университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алған. 2017-2018 жылдары «Атырау облысы мүгедектер спорт клубы» ҚКММ директоры болып қызмет атқарған. Осыған дейін Атырау облысы жоғарғы спорттық шеберлік мектебінің директоры лауазымында болды.

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Загрузка...
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
MURAǴAT