+7 (701) 759 90 19
USD 425.3 EUR 501.05
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2016 жылғы 13 тамыз 16:00
Бөлісіңіз:
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада атқарушы билікте айтарлықтай кадрлық ауыс-түйіс орын алған жоқ. Дегенмен, бірқатар өңірде жаңа тағайындаулар болды. ҚазАқпарат әдеттегідей апта ішінде орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

Алдымен, еліміздің ұлттық компанияларының бірінде орын алған ауыс-түйіске тоқталсақ, осы аптада «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президенті болып Марат Нұрғожин тағайындалды.

Марат Нұрғожин 59 жаста, И.Э.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесін бітірген. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі.

2008 жылдан бастап, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің орынбасары, 2013 жылдың тамыз айынан бері «ҚҒС» ҰК» АҚ президенті міндетін атқарушы болып қызмет еткен.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі және Төлеби аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Төлеби ауданының әкімі лауазымына Бұхарбай Парманов тағайындалды.

Бұхарбай Рысқұлұлы Парманов 1962 жылы туған, білімі жоғары, экономист, құқықтану бакалавры.

Еңбек жолын 1980 жылы Қазығұрт ауданы Әлішер Науаи колхозының колхозшысы ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметті өткеруді 1986 жылы Кентау қалалық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер инспекциясының экономисті лауазымында бастаған. 1987-1994 жылдары Ленин (қазіргі кезде Қазығұрт ауданы) аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер экономисті, аға салық ревизоры-инспекторы, бас салық ревизоры-инспекторы, Ленин ауданы (қазіргі кезде Қазығұрт ауданы) бойынша мемлекеттік салық инспекциясының мемлекеттік салық инспекторы, аға мемлекеттік салық инспекторы, инспекциясының бас мемлекеттік салық инспекторы болған.

1994-2002 жылдары аралығында салық және қаржы полициясы органдарында қызмет еткен. 2002-2014 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы бойынша салық комитетінің төрағасының орынбасары және төрағасы, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2014 жылдың ақпан айынан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі болып еңбек етіп келді.

Бұл Оңтүстік Қазақстанда орын алған соңғы кадрлық тағайындаулар емес. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және Сарыағаш аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Сарыағаш ауданының әкімі болып Қайрат Аманкелдіұлы Әбдуәлиев тағайындалды.

Қ.А.Әбдуәлиев 1968 жылы туған, білімі жоғары, ғалым агроном, заңгер.

Еңбек жолын 1986 жылы Түлкібас ауданы Киров атындағы ұжымшардың «Алтын арай» жастар комсомол бригадасының шопаны ретінде бастаған.

Мемлекеттік қызметті өткеруді 1999 жылы Түлкібас ауданы әкімі аппараты аймақтық даму және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы лауазымында бастаған. 2001-2004 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеті Түлкібас ауданының өкілі-бас маманы және төрағасы лауазымын атқарды. 2004-2010 жылдары аралығы ҚР АШМ Түлкібас аудандық аумақтық басқармасының бастығы, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің бастығы, инспекция бастығының орынбасары және бастығы қызметтерін атқарған.

2010 жылдың наурыз айынан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі лауазымын атқарып келеді.

Сарыағаш ауданын осы уақытқа дейін басқарып келген Б.Парманов басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Мақтарал аудандық мәслихатының келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Мақтарал ауданының әкімі лауазымына Ғалым Ыбрайұлы Исмаилов тағайындалды.

Ғ.Ы.Исмаилов 1961 жылы 10 қарашада туған, білімі жоғары, инженер-құрылысшы-технолог, мемлекеттік басқару бакалавры.

Еңбек жолын 1983 жылы Шымкент облысы Бөген құс фабрикасында жұмысшы ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметті өткеруді 1999 жылы Шымкент қалалық әкімшілігі коммуналдық шаруашылық департаменті бастығының орынбасары лауазымында бастаған. 2001-2007 жылдары Шымкент қалалық № 2 халықпен жұмыс жүргізу басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы табиғатты қорғау басқармасы бастығының орынбасары, Түркістан, Шымкент қалалары әкімінің орынбасары ретінде еңбек еткен. 2007-2013 жылдары аралығы «Бадам Тас», «Kazakhstan Connecting System», «OLYMPIA KAZAHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері директорының орынбасары қызметтерін атқарған.

2015 жылдың қаңтар айынан бастап Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі лауазымын атқарып келді.

Ал бұған дейін Мақтарал ауданын басқарып келген Ж.Бейсенбаев басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Ал Атырау облысында мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры тағайындалды.

ҚР Бас прокурорының бұйрығымен әділет кеңесшісі Владимир Михайлович Малахов Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры болып тағайындалды. Осы тағайындауға дейін В.М. Малахов Атырау қаласы прокурорының орынбасары қызметін атқарды.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы және Ақтөбе облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармасының басшысы тағайындалды.

Ақтөбе облысы әкімінің міндетін атқарушы Шериязданов А.Т. 2016 жылғы 5 тамыздағы өкімімен Отаров Қайрат Орынбасарұлы «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ басшысы болып тағайындалды.

Отаров Қайрат Орынбасарұлы 1968 жылы дүниеге келген. Қостанай ауыл шаруашылығы институтын агроном, Ақмола қаржы-экономика колледжін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген.

Алғашқы еңбек жолын 1985 жылы Қобда ауданы Жарық совхозында жұмысшы ретінде бастаған. Исатай аудандық салық комитетінде бөлім басшысы, Исатай салық инспекциясында инспектор қызметін атқарған.

Әр жылдары Исатай аудандық салық инспекциясының бөлім басшысы-инспекция басшысының орынбасары, Ақтөбе облысы бойынша салық басқармасының бөлім басшысы болды.

1997 жылғы тамыз айынан бері - «Зейнетақы төлеу жөніндегі Мемлекеттік орталық» РМҚК Ақтөбе филиалының директоры.

Ақтөбе облысы әкімінің міндетін атқарушы Шериязданов А.Т. 2016 жылғы 5 тамыздағы өкімімен Мырзалин Абдухат Қапанұлы «Ақтөбе облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармасы» ММ басшысы болып тағайындалды.

Мырзалин Абдухат Қапанұлы 1960 жылы дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Алғашқы еңбек жолын 1976 жылы Ырғыз ауданы Нұра совхозында жұмысшы ретінде бастаған.

Қарабұтақ (қазіргі Әйтеке би) ауданы прокурорының тергеушісі, Темір ауданы прокурорының орынбасары, Исатай (қазіргі Қобда), Алға және Шалқар аудандарының прокуроры қызметтерін атқарған.

Әр жылдары ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақтөбе, Қостанай облыстары және Батыс көлік аймағы бойынша басқармасының басшысы болған.

2016 жылғы қаңтар айынан бері - «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен Азамат Жұмабайұлы Айтуев БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Жаңа басшыны басқарма ұжымына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов таныстырып, қызметіне табыс тіледі. Оның атап өткеніндей, Азамат Айтуевтің мемлекеттік және құқық қорғау органдарында жұмыс және басшылық тәжірибесі жеткілікті.

А.Ж.Айтуев 1981 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, 2002 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін, 2008 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару магистрі.

Еңбек жолын прокуратура органдарында бастаған А.Айтуев 2002-2008 жылданы Бөрлі ауданы прокурорының көмекшісі, Орал қаласы прокурорының аға көмекшісі, облыс прокуратурасы басқармасының аға прокуроры қызметтерін атқарды. 2008-2009 жылдары - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі, 2009-2012 жылдары - Орал қаласы әкімі аппаратының жетекшісі. Содан кейін 2015 жылдың шілдесіне дейін облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімін басқарды. Өткен жылдың шілдесінен бері БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы болды.

Қарағанды қаласы бойынша Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы болып, Нұрлан Бекбосынов тағайындалды. Осыған дейін ол Қарағанды облысы ТЖ Департаментінде төтенше жағдайларды алдын алу бөлімінің бастығы лауазымын атқарған.

Нұрлан Бекбосынов 1971 жылы 1 қазанда Қарағанды облысы Балқаш қаласының Саяқ кентінде дүниеге келген. 2004 жылы О. А. Байқоңыр атындағы Жезқазған университетін бітіреді. 2010 жылы ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтын тәмамдады.

Еңбек жолын 1993 жылы «Балқашмыс» ӨБ нысандарын күзету бойынша Жезқазған облысы ішкі істер басқармасының өрт сөндіру жасағының әскери 1997 жылы өрт күзетінің Саяқ кентіндегі жеке бекеті басшысы болып бастаған. Қарағанды облысы МӨҚҚ 45-ӨСБ тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бойынша бастығының орынбасары. 2003 жылы Қарағанды облысы МӨҚҚ ББ Балқаш қ. МӨҚҚБ 45-МӨСБ тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бойынша бастығының орынбасары. 2008 жылы Қарағанды облысы бойынша «ӨСжАҚЖҚ» ММ филиалы 50-ӨСБ бастығы. Ал 2014 жылы Қарағанды қаласы ТЖ басқармасының төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

Орал Қаппасов Қостанай облысының Білім саласындағы бақылау департаментіне жаңа басшы болып тағайындалды.

Бұған дейін ол Павлодар облысы Білім беру саласын бақылау департаментінің басшысы болып қызмет атқарып келді.

Сонымен қатар, Дәуіт Жұмабаев Қостанай облысы Орман және аң шаруашылығының аймақтық инспекциясы басшысы болып тағайындалды.

Дәуіт Бәкенұлы бұл уақытқа дейін Қостанай облыстық әкімдігінің жедел әзірлік, терроризмді алдын алу және ескерту бөлімінің жетекшісі қызметін атқарған.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT