Қазақстандағы үздік медициналық ЖОО-лар белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы медициналық жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылым және инновация орталықтарының рейтингісін қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы 2018 жылы медициналық жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттары және ғылым мен инновациялық ғылыми орталықтардың рейтингін жасаған болатын.

«Ғылыми ұйымдарды бағалаған кезде мынадай көрсеткіштер ескеріледі: ғылыми зерттеулер көлемі, халықаралық сарапшылардың мақалалары бойынша жарияланымдар саны, қазақстандық авторлар жұмыстарының сілтемелер саны, қауіпсіздік құжаттарының саны, ғылыми әзірлемелер, коммерциализациялау деңгейінде алынған нәтижелерді және оларды практикалық денсаулық сақтауда енгізіу, сондай-ақ халықаралық конференцияларға қатысу» делінген хабарламада.

Медициналық жоғары оқу орындарының рейтингісінде қызметкерлердің ғылыми қызметі бойынша бірінші орынды Ұлттық медицина университеті (бұрынғы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) иеленсе, екінші орынға Қарағанды медициналық университеті жайғасты. Ал үшінші орында - Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы.

Студенттердің ғылыми жұмыстарына сәйкес, көшбасшы - Семей медицина университеті, екінші орынға Батыс Қазақстан медицина университеті лайық деп танылды. Ал үшінші орын Қарағанды медициналық университетінің еншісінде.

ҒЗИ мен ҒО арасында үздік атанғандар: Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты (1-орын), Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (2-орын) және Ұлттық ғылыми медициналық орталық (3-орын).

М.Әйкімбаев атындағы Карантиндік және зооноздық инфекциялардың ғылыми-зерттеу орталығы клиникалық емес ғылыми ұйымдар арасында ең үздік деп танылды. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы мен ҚМУ «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» екінші және үшінші орындарды иеленді.

Айта кетейік, жыл сайын жүргізілетін бұл рейтинг 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында отандық медицина ғылымы мен инновацияның сапасын және бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған. Рейтингтің егжей-тегжейлі нәтижелерін ДСДРО сайтынан табуға болады.

Соңғы жаңалықтар