Қазақстандағы түрмелердің 80 пайыздан астамы ескірген - Марат Ахметжанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздегі қылмыстық атқару мекемелерінің 80 пайыздан астамы ескірген. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов қылмыстық атқару жүйесін реформалауға арналған форумда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марат Ахметжанов елдегі қылмыстық атқару жүйесіндегі реформалар көбінесе заңнамалық тұрғыда жүзеге асып жатқанын атады.Оның пікірінше, елдегі қылмыстық заңнама барынша гуманизацияланып жатқанымен, сотталғандарды түрмеде ұстау шарттары әлі де жақсартуды талап етеді.

«2018 жылы қылмыстық атқару мекемелерінде отырғандардың саны 5000-ға азайған болатын. Дегенмен, елдегі жалпы қылмыс саны 7 пайызға ғана кеміген. Түрмедегі сотталғандардың жағдайы мінсіз деп айтуға келмейді. Бас прокуратура мен қоғамдық ұйымдарға өте көп шағымдар түсіп жатыр. Әсіресе қылмыстық атқару мекемелерінің қызметкерлерінің рұқсат етілмеген тәсілмен жұмыс істеуіне шағым көп. Бұл жерде қадағалаушы прокурорлардың енжарлығы бар екенін де айту керек. Түрме инфрақұрылымының 80 пайыздан астамы ескіріп кеткені жағдайды одан сайын ушықтырып отыр», - деді бас прокуратура өкілі.

Бас прокурордың орынбасары елдегі қылмыстық атқару жүйесінің жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету керектігін де атап өтті.

«Қылмыстық атқару кодексінің өзін жетілдіру керек. Қазір ол заң емес, сілтеме сияқты. Түрме әкімшілігі мен сотталғандар арасындағы қатынас Ішкі істер министрлігінің актілерімен реттеліп отыр. Ал түзету мекемелерінің басшыларына өте үлкен құзырет беріліп қойған» - деді Марат Ахметжанов.

Соңғы жаңалықтар