Қазақстандағы су қоймаларының иелеріне бірыңғай талап бекітілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы су қоймаларының иелеріне бірыңғай талап бекітіледі. Бұл туралы Парламент Сенатының отырысында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы су қоймаларының 40 пайызы ескіріп кеткен. Олардың 82 пайызының пайдаланыла бастағанына 40 жылдан асқан. Тұтастай алғанда барлығы апаттық су жіберу жүйесіне мұқтаж. Қазіргі таңда су қоймаларының иелері инвестиция салмастан, барлық пайданы өз қалталарына салады. Ал төтенше жағдайларға айналып келгенде мемлекет жауапты болып отыр. Қызылағаштағы оқиға бәрінің есінде болар», - деді Қайрат Қожамжаров.

Осы себепті сенатор су қоймаларының ауқымына қарамастан, оны күтіп ұстаудың бірыңғай талабын бекіту керек деп есептейді.

«Сонымен бірге, су нысандарының есебі бойынша жауапты органның құзыретін бекіткен дұрыс. Себебі, Қазақстанда су қоймаларының саны, техникалық жай-күйі мен қайда орналасқаны туралы нақты толыққанды база жоқ. Тиісті заң жобасы қазіргі таңда Сенатта қаралуда», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қайрат Қожамжаров әлемде 68 мемлекет су дефицитін бастан кешіріп отырғанын, соның ішінде Қазақстан да барын атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар