Қазақстандағы су каналдарын жөндеуге 221 млрд теңге бөлінеді – министрлік

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай 8 облыстағы 120 канал қайта жаңғыртылады және суармалы алқапты 2,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта су шаруашылығының проблемалық мәселелері «Жасыл Қазақстан», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Агроөнеркәсіптік кешенді 2025 жылға дейін дамыту бойынша» ұлттық жобалар шеңберінде шешіліп жатыр.

«Бүгінгі күні суару жүйесінде ұзындығы 21,5 мың км болатын шамамен 3,5 мың магистральдық және шаруашылықаралық канал бар, олардың 55%-ының (11,8 мың км) жағдайы қанағаттанарлық емес. Бұл соңғы тұтынушыларға суды тасымалдау кезінде шығынның көп болуына ықпал етеді», - деді Д. Бекмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, каналдарды қайта жаңарту жұмыстары тұрақты жүріп жатыр. Мәселен, 2019-2020 жылдары 1734 км канал жөнделіп, 111,5 мың гектар суармалы жер айналымға енген. 2021 жылы 78 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу үшін 1050 км канал қайта жаңғыртылған.

«Бес жылда жалпы сомасы 221 млрд теңгеге 8 облыстағы 120 канал қайта жаңғыртылады, оның ішінде республикалық бюджеттен 188 млрд теңге және бюджеттен тыс 34 млрд теңге бөлінеді. Бүгінгі күні Атырау облысы бойынша 5 және Түркістан облысы бойынша 14 жобалық сметалық құжат дайын. 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 4.53 млрд теңгеге 4 каналға (Найман, Құртай, Қазынашылық және Р-6) қаражат көзделген, оның ішінде 2022 жылға 856 млн теңге, 2023 жылға – 2,261 млрд теңге, 2024 жылға – 1,414 млрд теңге», - деп түсіндірді комитет өкілі.

Жалпы алғанда, 120 каналды қайта жаңарту 2025 жылға қарай суармалы алқапты 2,2 млн гектарға дейін жеткізуге және жыл сайын 800 млн м3 суармалы судың шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл шаралар ауылда 120 мың жұмыс орнын құруға және жыл сайын 510 млрд теңге өнім өсіруге ықпал етеді.

Бұған дейін Досбол Бекмағамбетов Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше километрге жетуі мүмкін екенін айтқан еді.

Елдің шығыс өңірі су ресурстарымен анағұрлым көбірек қамтамасыз етілсе, орталық Қазақстан ең аз қамтылған. Оңтүстік және Батыс өңірлер шекаралас елдерге тәуелді болып отыр.



Соңғы жаңалықтар