Қазақстандағы су бөгеттерінің қауіпсіздігі туралы заң жобасы әзірленеді

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - Сенатта Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің басшысы Сергей Плотниковтың төрағалық етуімен «Су ресурстарын пайдалануды, оның ішінде шекарааралық өзендер мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеу» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.

Шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов тыңдауды аша келіп, еліміздің халқын сумен қамтамасыз ету күрделі әрі оны шешудің тиімді жолдарын талап ететін міндет екенін атап өтті. Төраға орынбасары Қазақстан аумағының сумен қамтамасыз етілуі Еуразия құрлығындағы елдер үшін аса маңызды екеніне назар аударды. Президент Н. Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында су ресурстарына зәрулік ХХІ ғасырдағы жаһандық он қатердің қатарында атап өтілген болатын.

С. Громов су шаруашылығы қызметін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөнінде Парламент жүйелі жұмыстар атқарып келе жатқанын еске салды. Атап айтқанда, экологиялық қауіпсіз, әрі суды пайдаланудың оңтайлы экономикалық деңгейіне қол жеткізу мен оны қолдау және су қорын қорғауға бағытталған су заңнамасы жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Сенат төрағасының орынбасары талқыланып отырған мәселе әлеуметтік-экономикалық және саяси ерекше мәнге ие, әрі халықтың әл-ауқатының маңызды көрсеткіштерінің бірі деп түйіндеді сөзін.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев Су кодексінің негізгі ережелерін іске асыру, суды пайдалану жүйесін жетілдіру және су ресурстарын қорғау мәселелері туралы депутаттарды хабардар етті. Баяндамашы су саласына қатысты құрылыстардың қауіпсіздігіне егжей-тегжейлі тоқталып, 2018 жылы бөгеттердің қауіпсіздігі туралы заң жобасын әзірлеу көзделіп отырғанын атап өтті.

Е. Нысанбаев суды пайдалану және шекарааралық өзендерді қорғау мәселелерін реттеу туралы да айтты. Министр орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда шекарааралық өзендердің суын бөлісу жөніндегі ҚХР-дан басқа іргелес мемлекеттермен уағдаластықтар бар. Бұл олқылықты түзету үшін Қазақстан мен Қытай арасында екіжақты Келісім әзірлейтін арнайы жұмыс тобы құрылды. Аймақтағы су ресурстарын пайдалану мәселелерін реттеу үшін Орталық Азия елдерімен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Дөңгелек үстел барысында ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, «Қазақстан су арнасы» сумен қамтамасыз ету және су бұру кәсіпорындары ассоциациясының президенті Валерий Сюндюков, «География институты» ЖШС директоры Ахметкал Медеу, Халықаралық «Аралды құтқару қоры» директорының орынбасары Әмірхан Кеншимов, Орталық Азиядағы мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығы бөлімшесінің директоры Нариман Қыпшақбаев сөз сөйледі.

Сенаторлар Дариға Назарбаева мен Қуаныш Айтаханов талқыланып отырған мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.

Талқылауды қорытындылай келіп, Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников отырыста пайдалы әрі нәтижелі әңгіме өрістегенін айтты. Шекарааралық өзендердегі суды пайдалану және оны реттеуге байланысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Пікірсайыс барысында айтылған ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсынымдарға қосылады және Парламенттің заң шығару жұмыстары барысында пайдаланылады.

 

Соңғы жаңалықтар