Қазақстандағы су айдындарына 60 млн шабақ жіберіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда республикалық мәртебесі бар су айдындарына құнды балық түрлерінің 60 млн шабағы жіберіледі. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балық ресурстарының өсімін молайту жөніндегі 2018 жылға арналған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Алматы, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының су айдындарына тұқы және өсімдікжемді балықтардың (ақ амур, дөңмаңдай) шабақтарын жіберу жұмыстары басталды. 2018 жылғы 17-20 қыркүйек аралығында «Петропавл балық питомнигі» РМҚК Петропавл және Сергеев су қоймаларына 731 250 дана біржазғы тұқы шабағын жіберді», - деп жазды Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында.

Хабарланып отырғандай, 20 қыркүйектен бастап «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК мен «Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы - 1973» ЖШС Қызылорда және Алматы облысының су айдындарына балық жіберу жұмыстарын бастап кеткен.

«Балықтарды су айдындарына жіберу жұмыстарын қабылдау жергілікті атқарушы органдардың, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияларының және ғылыми ұйымдардың өкілдерінен құралған комиссия арқылы жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 2018 жылы республиканың су айдындарына 60 млн дана шамасында құнды балық түрлерінің шабақтарын жіберу жоспарланған», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар