Қазақстандағы салық берешегінің 70 пайызы көлік құралдарына тиесілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздегі салық төлеушілердің берешектерінің 70 пайызы көлік құралдарына тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, республикада 1,4 млн жеке тұлғаның 20,9 млрд теңге көлемінде салық берешегі бар. Оның ішінде 14,3 млрд - негізгі салық, қалған 6,6 млрд теңге - пайыздық өсімпұл. Сол сияқты салық берешегі иелерінің 70% көлік және көлік құралдары саласына тиесілі. Осыған байланысты көліктік салық төлеушілерге жыл соңына дейін, яғни 31 желтоқсанға дейін төлеу мүмкіндігі беріліп отыр. Ал мүлік және жер кепілдігі салығын 1 қазанға дейін төлеуі тиіс», - дейді ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.

Оның айтуынша, салық кодексі нормасына сәйкес берешегі бар жеке тұлғаларға төлеу уақыты өткен күннен бастап салық қарызы туралы хабарлама жіберіледі.

«Салық төлеуші жеке тұлға хабарламаны алған соң оны 30 күннің ішінде төлеуі керек, олай болмаған жағдайда іс сотқа жөнелтіледі. Одан әрі іспен сот органдары айналысады, яғни салық төлеушінің жеке мүлкін тәркілеуден бастап, Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салуға дейін. Бүгінгі шараның да мақсаты - салықтық берешегі бар жеке тұлғаларды уақытында төлеуге шақыру және уақытында төлемеген жағдайда басқа мүмкіндер барын түсіндіру. Әрбір салықтық берешегі бар тұлға біздің сайт арқылы қанша сома қарыз және қай күнге дейін төлеуі қажет секілді ақпараттарды біле алады. Сонымен қатар 1414 нөмірлі байланыс орталығы жұмыс істейді», - деді ол.

Одан бөлек, комитет басшысының орынбасары салықтық амнистия туралы баяндап берді.

«Республика бойынша 2018 жылдың 1 қазанына сәйкес, 37 644 салық төлеуші 7,5 млрд теңгенің салығын төледі. Оның ішінде 2,0 млрд теңге - өсімпұл болса, 99 млн теңге - айыппұл. Демек, осыншама соманы мемлекет кешіріп отыр деген сөз. Сондай-ақ, салықтық амнистияға қатысу үшін арыз жазып немесе өтінім білдірудің қажеті жоқ. Бұл тұрғыда кірістер комитеті салық төлеушілердің төлемақылары мен берешектері туралы күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Салық төлеуші өз берешегін белгіленген күнге дейін яғни 1 қазанға дейін төлеген жағдайда оның үстіндегі өсімпұл мен айыппұл автоматты түрде алынып тасталады», - деді Ж. Іңкәрбаев.

Айта кетсек, бүгін елордада «Салықтық рақымшылық мүмкіндігін жіберіп алмаңыз» деген атпен шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған республикалық семинар өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар