Қазақстандағы ресейлік банктің клиенттері қаражатын бұғаттан босату үшін OFAC рұқсатын алуы тиіс
2022 жылғы 23 мамыр 16:11

Қазақстандағы ресейлік банктің клиенттері қаражатын бұғаттан босату үшін OFAC рұқсатын алуы тиіс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сбербанк пен Альфа-Банк клиенттері қаражаттарын бұғаттан босату үшін АҚШ реттеушісінің жеке рұқсатын алуы тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сбербанк» АҚ ЕБ-де және «Альфа-Банк» АҚ ЕБ-де шетелдік банктер қайтарған клиенттер қаражатының сомасы бойынша ақпарат жоқ, себебі олар арқылы операциялар жүзеге асырылған банктердің корреспонденттік шоттары бұғатталған. Бұғатталған қаражат клиенттерге басқа банктер арқылы қайтарылуы мүмкін», - деп атап өтеді агенттік төрағасы жауабында.

Оның түсіндіруінше, операцияларды бұғаттан босату үшін банктердің клиенттері өз бетінше АҚШ реттеушісінің (OFAC) интернет-ресурсында арнайы нысанды толтыру арқылы оның жеке рұқсатын алуы қажет.

«Қазіргі уақытта банктер өз клиенттеріне контрагент банктермен келіссөздерді жүзеге асыру және OFAC-тың жеке лицензиясын алу тәртібі туралы ақпарат ұсыну арқылы көмек көрсетуде. 2022 жылғы 5 мамырда «Банк ЦентрКредит» АҚ «Альфа-Банк» АҚ ЕБ сатып алғаны белгілі. «Банк ЦентрКредит» АҚ «Альфа-Банк» АҚ ЕБ-ні акционердің ауысуына байланысты SDN тізімінен шығару үшін бас лицензия алу мақсатында OFAC-қа хат жолдады, оны алғаннан кейін оның корреспонденттік шоттарын және клиенттердің қаражатын толық бұғаттан босату күтілуде», - делінген Мәдина Әбілқасымованың жауабында.


Jańalyqtar

MURAǴAT