Қазақстандағы Өзбекстан Елшісі Шавкат Мирзиёевтің жолдауын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев ӨР Президенті Шавкат Мирзиёев жолдауының негізгі мазмұнын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл Президенттің үшінші жолдауы. Ол өткен жылды қорытындылап, 2020 жылғы және алдағы 5 жылдағы ел дамуының басымдықтық бағыттары мен міндеттерін айқындады. Сонымен қатар өзекті мәселелер бойынша заңнамалық бастамалар жасады», - деді Саидикрам Ниязходжаев .

Оның атап өтуінше, 2019 жылдың желтоқсанында Өзбекстанда «Жаңа Өзбекстан - жаңа сайлау» деген ұранмен сайлау өтіп, ол жаңа саяси ахуалды қалыптастырды. Халықаралық стандарттар негізінде ашық әрі жария түрде өткен сайлауға 50-ге жуық ел мен 10 халықаралық ұйымнан 825 байқаушы қатысты. Өзбекстан алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық ұйымдар және адам құқығы бюросының толыққанды штабымен тығыз ынтымақтастықта болды. Аталған бюродан сайлауға 316 байқаушы келді.

С. Ниязходжаевтің сөзіне қарағанда, Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёев 2019 жылды қорытындылай келе инвестициялық ағын көлемінің біршама өскенін айтқан. Тікелей шетел инвестициясы 4,2 млрд долларды құраған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3,1 млрд долларға немесе 3,7 есеге көп. Өзбекстанның жалпы ішкі өніміндегі инвестиция көлемі 37 пайызға жетіп отыр. Ел алғаш рет халықаралық кредит рейтингіне ие болып, халықаралық қаржы нарығына 1 млрд доллардың облигациясын орналастырды. Өткен жылдың нәтижесінде экономика өсімінің қарқыны 5,6 пайызға жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,6 пайызға, экспорт 28 пайызға артты. Өзбекстанның алтын-валюта резерві 2,2 млрд долларға артып, 28,6 млрд долларға жетті.

Өзбекстан Президенті 2020 жылды ғылым, ағарту және цифрлық экономика жылы деп жариялады. Осы ретте Ш. Мирзиёев биыл цифрлық экономика дамуын түбегейлі өзгерту қажеттігін атап өтті. Бірінші кезекте құрылыс, энергетика, ауыл және су шаруашылығы, көлік, геология, кадастр, денсаулық сақтау, білім беру, мұрғат ісі саласын толықтай цифрландыру қажет. Мұнан бөлек, белсенді инвестициялық саясатты мұнан ары жалғастыру керек. 2020 жылы Өзбекстан 23 млрд доллар инвестицияны игеріп, 206 ірі өндірістік нысан құрылысын қолға алуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар