Қазақстандағы мұз айдыны шоуына әлемнің 9 олимпиада чемпионы келеді - Денис Тен

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Денис Теннің «Олимпиада энергиясы» мұз айдыны шоуына биыл мәнерлеп сырғанаудың 19 әлемдік жұлдызы келеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз конференциясы барысында Олимпиада жүлдегері мәлімдеді.

«Биыл Астана мен Алматыда өтетін «Олимпиада энергиясы» атты мұз айдыны шоуына Жапониядан, Ресейден, Америкадан, Канададан 19 атақты спортшы, оның ішінде 9 олимпиада чемпионы келеді. Қазірдің өзінде Жапонияның №1 спортшысы Мао Асада, Каролина Костнер, Эван Лайсачек, Максим Маринин, Владимир Беседин, Алексей Полищук өздерінің келетіндігін айтты. Сонымен қатар, әлемге белгілі шоумен жүргізушілер, бишілер келеді», - деді Денис Тен. Сондай-ақ шоуға Сочи Олимпиадасының чемпиондары Максим Траньков пен Татьяна Волосожар, Дайсуке Такахаши, Олимпиада ойындарының жүлдегері Джоани Рошетт, мұздағы бидің хас шеберлері Фабьен Бурза мен Натали Пешала және жапондық Мираи Нагасу келмек. «Бұл біздің елімізді танытуға септігін тигізетін үлкен жарнама құралы болмақ. Сондай-ақ, жас жеткіншектер өздері еліктеп өскен спортшыларын көріп, олармен тілдесе алады. Бұл олардың спортта жетістікке жетуіне септігін тигізеді», - деді спортшы. Олимпиада жүлдегерінің ойынша, мұндай мәдени шаралар қазақстандықтардың күнделікті күйбеңді бір сәт ұмытып, көңілді уақыт өткізуге мүмкіндік туғызады. Биылғы шоудың ерекшелігінің бірі - концерттік бағдарлама симфониялық орекстрдің сүйемелдеуімен өтеді. Әлемдік деңгейдегі шоу Алматыда 28-29 мамырда өтеді. Әлемдік жұлдыздардың мұз айдынындағы өнерін астаналықтар 30 мамырда тамашалай алады. Билеттер мамырдың басынан сатыла бастайды.

Соңғы жаңалықтар