Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары неге ұзақ жаңғыртылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның вице-президенті міндетін атқарушы Данияр Тиесов Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды неге ұзақ жүргізіліп жатырмыз? Жаңғырту екі кезеңнен тұрады -бастапқы және негізгі кезең. Бастапқы кезеңде техникалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттама жасалады, қаржылық жобаларға шарттар бекітіледі, мердігерлер анықталады», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның мұнайды тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг жөніндегі вице-президенті міндетін атқарушы Данияр Тиесов Астанада ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Тиесовтың айтуынша, дәл осы бастапқы кезең ұзаққа созылған.

«Құрылыс мерзімдері бойынша, барлық кезеңдер мен құрал-жабдықтарды жеткізу уақытын (кей жабдықтарды әзірлеуге 22 ай жұмсалады) есептегенде бұл ақылға қонымды жайт. Бастапқы кезең шамамен 5 жылға созылды. Яғни, тікелей құрылысқа кірісу үшін 5 жыл бойы қағаз жұмыстарымен айналыстық», - деді Тиесов.

«Шымкент және Павлодар зауыттарына келер болсақ, екінші кезең еш кедергісіз жүргізіліп келеді. Бүгінде Павлодар зауытының жаңғырту жұмыстарын аяқтадық және Шымкент МӨЗ жаңғыртуды келесі жылы аяқтаймыз», - деп өз сөзін толықтырды ол.

Атырау МӨЗ бойынша, Тиесов каталитикалық крэкингтің негізгі қондырғысын іске қосу мен жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

«Бұл қондырғы дизельді отын өндірісін арттыруға бағытталған. Шамамен желтоқсан айының ортасында іске қосылады деп отырмыз, сәйкесінше осыдан кейін қалған технологиялық қондырғылардың барлығы іске қосылады. Атырау МӨЗ жаңғырту аясында жалпы саны 12 жаңа технологиялық қондырғы мен жалпы зауыттық шаруашылықтың 56 нысаны беріледі», - деді Тиесов.

Соңғы жаңалықтар