Қазақстандағы McDonald's жұмысын қайта бастамақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сауда және интеграциялар министрлігі Қазақстандағы McDonald's мейрамханаларының жұмысын қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Қазақстандағы McDonald's басшылығы, мемлекеттік органдар, «Қазақстанның Ет одағы», «Қазақстан құс өсірушілер одағы» өкілдері келген.

«Компания еліміздің нарығында қызметін жалғастыруды жоспарлап отыр және мейрамханалардың жұмысын қалпына келтіруде. Жыл соңына дейін алыс және жақын шетелдерден жүктер келеді. Кедендік тазарту процесі өкінішке орай, бір аптаға дейін ұзақ уақытты алады. Кедендік тазарту процесін барынша жеделдетуге қолдау көрсетуіңізді сұраймыз», - деді «Food Solutions KZ» ЖШС (Қазақстандағы McDonald's) Бас директоры Әсет Машанов.

Өз кезегінде мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері фитосанитариялық сертификаттар мен сәйкестік сертификаттары сияқты уәкілетті органдардан рұқсат беру құжаттары болғанда ғана жәрдем көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен бірге, жиын барысында импортты алмастыру мәселесі де көтерілді. Қазақстанның ет одағы, Қазақстан құс өсірушілер одағының, Қазақстанның сүт одағының өкілдері Қазақстандағы McDonald's-қа импорттық тауарлар орнына өз өнімдерін ұсынды.

Бұл сауалға Әсет Машанов отандық өнімді пайдалануға дайын екенін, қазақстандық өндірушілермен келіссөздерді бастап кеткенін айтты.

«McDonald's-тың барлық өнімдері өндірістің жоғары сапа талаптарына сай болуы керек. Қазақстандық өндірушілер үшін ынтымақтастық McDonald's серіктесі болуды білдіреді және халықаралық деңгейге, басқа елдердің нарығына шығуға мүмкіндік ашады. Қазір бірнеше жергілікті өндірушілермен жұмыс істеп жатырмыз және олардан McDonald's стандарттарына сәйкес келетін шикізатты аламыз. Сондай-ақ қазір қазақстандық құс және сиыр етін өндірушілермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деді Әсет Машанов.

Министрліктің хабарлауынша, кеңес соңында аталған мәселелерді шешу үшін жол картасы дайындалып, әр мәселе бойынша кураторлар тағайындалған.

Айта кетейік, қараша айында McDonald's жеткізу жұмыстарына байланысты Қазақстандағы барлық мейрамханаларын уақытша жапты.

Бұл компания Қазақстанда 6 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды қалаларында компанияның 24 мейрамханасы бар және оларда 2000-ға жуық адам жұмыспен қамтылған болатын.


Соңғы жаңалықтар