Қазақстандағы қылмыстық істердің бестен бірі электронды тәртіпте тергеліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы қылмыстық істердің 18-20 пайызы электронды тәртіпте тергеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, елімізде «Электронды қылмыстық іс жобасы» жүзеге асырылуда. Жоба аясында сотқа дейінгі қылмыстық істердің бәрін электронды форматқа ауыстырып келеміз. Яғни, құқықбұзушылық тіркелгеннен бастап сот шешім шығарғанға дейін барлығы электронды форматта жүргізіледі. Алдағы уақытта біз жазаны атқару процесін автоматтандырғымыз келеді. Аталған жобаның бастапқы кезеңдері 2017 жылы басталған болатын. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоба басталып кетті», - деді ОКҚ-да Бас прокуратураның цифрлық жобаларын таныстырған құзырлы органның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бағлан Бекбаев.

Құзырлы орган өкілінің айтуына қарағанда, аталмыш жобаны сәтті жүзеге асыру үшін кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары арасында келісімге қол қойылған.

«2018 жылы біз аталмыш жобаны қылмыстардың жеңіл түрін тергеу жұмыстарына енгіздік. Осы жылдан бастап электронды форматта орташа деңгейдегі қылмыстар тергеле бастады. 2021 жылдың соңына дейін қылмыстың барлық түрін тергеуді автоматтандыру көзделіп отыр. Барлық құқық қорғау органдары аталмыш жұмыстың әдісі оңтайлы әрі қолайлы екенін айтуда. Мәселен, 2018 жылдың бірінші тоқсанында электронды қылмыстық істердің үлесі жалпы қылмыстық істердің ішінде бар-жоғы 0,9 пайызға ие еді. 2018 жылдың соңында бұл көрсеткіш 4,6 пайызға өсті. Ал қазіргі таңда барлық қылмыстық істердің 18-20 пайызы электронды тәртіпте тергеліп жатыр», - деді Бағлан Бекбаев.

Оның сөзіне сенсек, аталмыш жоба сотқа дейінгі тергеу қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қылмыстық іске қатысушылар мен адвокаттарға бірқатар басым мүмкіндіктерді беріп отыр.

«Сот өндірісінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, материалды қолдан жасау тәуекелдері азайды. Тергеу процесінің уақыты да қысқарды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар