Қазақстандағы қазақ тіл білімінің мәселесі шетелдегі халықаралық сипозиумда талқыланды

None
None
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақында Германияның Юстус Либих атындағы Гиссен университетінде «Кеңес дәуірінен кейінгі Қазақстандағы қазақ тілі» атты халықаралық симпозиум болып өтті.

Жиынға Қазақстан, Германия, Израиль, Швеция, Қытай және Түркия елдерінің белгілі тілші ғалымдары қатысып, үш күн бойы қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерін талқылады.

Симпозиум аталған университеттің Түркология кафедрасының бастамасымен өткізіліп отыр. Ондағы мақсат - қазақ тіл білімінің соңғы 20 жылдағы даму деңгейіне талдау жасау.Жиынның ашылу салтанатына Юстус Либих атындағы Гиссен университетінің президенті доктор, профессор Джойбрато Мухерджи мен Түркология кафедрасының меңгерушісі, түркітанушы, доктор, профессор Марк Кишнер және Қазақстан Республикасының Франкфурттағы Бас консулы Ахат Алпысбаев қатысып, сипозиум жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан делегациясын бастап барған ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы университет және кафедра басшылығына алғысын білдіріп, таяуда ғана жарық көрген «Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін» университет кітапханасына сыйға тартты. «Біз бүгін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің 20-жылдық мерейтойын атап жатқан тұста Еуропа төрінде - Германия жерінде қазақ тіл білімінің мәселелеріне арналып бірнеше мемлекеттің ғалымдарының қатысуымен алғаш рет халықаралық ғылыми симпозиум өткізіліп отыр. Бұны ел Тәуелсіздігінің қарсаңындағы айтулы оқиға деп білемін. Қазақстаннан келген тілші ғалымдар атынан ризашылығымды білдіремін» - деді белгілі ғалым Ш.Құрманбайұлы.

Ғылыми басқосуда филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Қазақ терминологиясының 90-жылдардан кейінгі дамуы», профессор Жакуп Ландэу (Иерусалим, Израиль)/ профессор Барбара Кельнер-Хайнкеле (Берлин, ГФР) «Тәуелсіз Қазақстан әліпбиін латын графикасына ауыстыру мәселелері», профессор Ева Цсато/ Айнұр Айбихи «Қазіргі қазақ тілінің өзекті мәселелері» (Уппсала, Швеция), доктор, профессор Абдурашид Якуп «Түркі тілдеріндегі көмекші етістіктердің көшірілу формасы» (Франкфурт, ГФР), доктор, профессор Жанг Дингжинг «Синтетикалық-аналитикалық тіл: қазақ тілінің құрылымдық және типологиялық сипаттамасы» (Пекин, Қытай), доктор, профессор Мехмет Өлмез «Түркі тілдерінің ішіндегі қазақ тілінің қазіргі жай-күйі» (Ыстамбұл, Түркия), филология ғылымдарының докторы, профессор Элеонора Сүлейменова «Қазақ тілінің өміршеңдігі және тілдік жоспарлау», филология ғылымдарының докторы, профессор Көбей Құсайын «Қазіргі қазақ тіліндегі неологизмдер» атты тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасады.

Соңғы жаңалықтар