Қазақстандағы кадрлық тағайындаулар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада республика бойынша бірқатар тағайындаулар болды. Мәселен, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың баспасөз xатшысы ауысты. Ал Қарағанды облысында жаңадан құрылған басқармаға алғашқы басшы келді. ҚазАқпарат ағымдағы аптада болған негізгі тағайындауларды ұсынады.

Аптаның ортасында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев баспасөз қызметінің басшысын ауыстыру туралы қаулы шығарды. Оған сәйкес, аталған қызметке 32 жастағы Зарина Нұрланова тағайындалды. Оның негізгі мамандығы - әлеуметтану. Былтыр "іскерлік әкімшілендіру" бойынша тағы бір дипломды алып шықты. Еңбек жолын "Arna Media Advertising" ЖШС бастаған. Ал "Қазконтент" АҚ-сында басқарушы директоры қызметінен төраға орынбасарына дейін көтерілді. Бертін келе, Еуразиялық интеграция институтын басқарды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев "НҰР-Медиа" холдингі бас директорының орынбасарын тағайындады. Аталған қызметке Максим Споткай келді. Ол өзінің еңбек жолын партияның Ақсу қалалық филиалында бастаған. Бұған дейін «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі болды. «Дәл осындай адамдар болашақта біздің партияның келбетін айқындайтынына сенімдімін. «Нұр Отан» партиясын жүйелі жаңғырту аясында ақпараттық саясатымыз саласында маңызды трансформациялар жүргізудеміз. Осы орайда, партиялық медиа-холдингтегі жаңа кадрлар оның жұмысын жоғары сапалы деңгейге шығарады деген сенім бар», - деп атап өтті М. Әшімбаев.

Аймақтарда да бірқатар тағайындаулар болды. Мәселен, Қарағанды облысында жаңа басқарма құрылды. Оның атауы - ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы. Жаңа құрылымның тізгіні 36 жастағы Рашит Белгібаевқа тапсырылып отыр. Ол Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «ақпаратты өңдеу, компьютерлік жүйелер және басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Қ. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің Балқаш қалалық филиалында компьютерлік сынып зертханашысы ретінде бастады. 2007-2009  жылдары Қарағанды облысының білім басқармасында «Ақпараттық теңсіздікті төмендету» мемлекеттік бағдарламасының үйлестірушісі, одан кейін №15 кәсіби лицейінің бағдарламалық қамсыздандыру бойынша инженері қызметін атқарған. 2010-2013 жылдары «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығында, Назарбаев зияткерлік мектебінде білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінде менеджер қызметін атқарды. Осы тағайындауға дейін Р. Белгібаев Қарағанды облыстық білім басқармасының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы болды. Жаңа қызметте ол "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асыру шараларына жауап береді. 

Ал Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов ветеринария басқармасының басшысын ауыстырды. Бұл қызметке Алтынбек Абдоллаев тағайындалды.  А.Тағайбекұлы 1962 жылы Шымкент облысы Ленин ауданының Бейнеткеш ауылында дүниеге келген. Алматы қаласының зооветеринария институтын және Алматы қаласының экономика және статистика академиясында ветеринар дәрiгерi және экономист мамандықтары бойынша бiлiм алған. Еңбек жолын 1984 жылы Көкшетау облысының Чистополье ауылындағы ветеринариялық станциясында ветеринар дәрiгерi болып бастаған. Одан кейін «Чистопольский» кеңшарында ветеринар дәрiгерi болып қызмет еттi. 1986 жылдан 1988 жылға дейiн ЛКЖО ОК Чистопольский аудандық комитетi комсомолының бiрiншi хатшысы болды. 1988 жылдан 1993 жылға дейiн Көкшетау облысының Чистопольский ауданының «Гаршинский» кеңшарының ветеринар дәрiгерi, 1993 жылдан 1995 жылға дейiн Чистопольский ауданының аудандық ауыл шаруашылығы техникасы директорының орынбасары болды. 1995 жылдан 1998 жылға дейiн Чистопольский ауданының «Құлагер» АК бас зоотехнигi болып қызмет еттi. 1998 жылдан 2004 жылға дейiн Солтүстiк Қазақстан облысының Целинный ауданы әкiмiнiң аппараты басшысы болды. 2004-2005 жылдары Солтүстiк Қазақстан облысының Ғ. Мүсiрепов атындағы ауданының «Неженка-Ардагер» ЖШС-ның экономикалық мәселелерi бойынша кеңесшiсi, облыс әкiмi аппаратының экономикалық бөлiмiнiң бас маманы болды. 2005 жылдан 2008 жылдары Мамлют ауданы әкiмiнiң орынбасары, ал 2008-2009 жылдары Қызылжар ауданы әкiмiнiң орынбасары лауазымында қызмет еттi. 2009 жылдан бастап осы тағайындауға дейiн ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметiн атқарды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та бірнеше ауыс-түйіс жасады. Атап айтқанда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жаңа басшысы қызметіне Мұрат Иғалиев тағайындалды. Мұрат Жаубайұлы еңбек жолын 1984 жылы «Ақтаутрансгаз» мемлекеттік кәсіпорнында құбыркомпрессорлық цехының машинисі болып бастаған. 1997 жылдан бері Маңғыстау облысының желілік өндірістік басқармасында, «Интергаз Орталық Азия» мекемесінде түрлі қызметтерді атқарған. 2004 жылдан бері «Қазақ-Сервис» және «Денхолм-Жолдас» компанияларында қауіпсіздік жөніндегі инженерден бастап бас үйлестіруші лауазымына дейін түрлі қызметтерде болған. 2013 жылы Батыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы. 2015-2016 жылдары «Жайықжылуқуат» АҚ-да техникалық директор, бас директордың бірінші орынбасары, бас директор сияқты басшылық лауазымдарды атқарған. 2016 жылы қазанда «Kazakhmarket» ЖШС директорының орынбасары болып тағайындалды. 2017 жылдан бері Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы, басқарма басшысының орынбасары болған. 

Бұдан бөлек, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Атырау облыстық филиалының төрағалығына Ізтұрған Баймұханов келді.  І.Баймұханов мамандығы бойынша инженер-геолог. Қатардағы техниктен «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ «Ембімұнайгаз» кәсіпорны ӨФ директорына дейінгі еңбек жолынан өтті. Соңғы жиырма жыл бойы өңірдің ірі мұнайгаз кәсіпорындарында басшылық лауазымдарды атқарды. 

Сондай-ақ, Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне жаңа басшы келді. Аталған қызметке бұрын өңірлік ведомство басшысының орынбасары болған Талғат Дәулетханов тағайындалды. Ол 1975 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданының Үшарал қаласында туған. 1995 жылы И. Конев атындағы Алматы жоғары әскери училищесін, 2010 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде мобилизация курстарын бітірген. Қызметін Сарыөзек кентіндегі танкілік оқу взводының командирлігінен бастаған. Әр жылдарда взвод командирінен мотоатқыштар батальонының командиріне дейінгі лауазымдарды атқарған. Әскери басқарманың жергілікті органдарындағы қызметін 2007 жылы бастаған. 2016 жылдан бастап Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бірінші орынбасары болды. Бұдан бөлек, 1999 жылдың ақпанынан тамызына дейін Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында ЖЕАБ құрамында ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғауға қатысқан. І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «ҚР Қарулы Күштерінің ардагері» медальдарымен, сондай-ақ мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Айта кеткен жөн, ағымдағы жылы 31 наурызда департаменттің бұрынғы басшысы Бердібек Берістемовты қызмет кабинетінде атып өлтірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар