Қазақстандағы кадрлық ауыс-түйіс: Жаңа жылда жаңа қызметке кіріскендер кімдер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басталғалы елде өңірлік деңгейде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат тілшісі жаңа жылды жаңа қызметпен қарсы алғандар туралы шағын шолуды ұсынады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес Мәдениет Танауов Атырау облыстық Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы-Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері болып тағайындалды.

Мәдениет Танауов 1971 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданында дүниеге келген. 1997 жылы Қазақ Ұлттық медицина университетін «гигиенист-эпидемиолог дәрігер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қалалық дезинфекциялық станциясының дәрігер-эпидемиологы болып бастады.

1999- 2016 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік санитариялық- эпидемиологиялық қадағалау басқармасында коммуналдық гигиена бөлімінің санитарлық дәрігері, бөлім меңгерушісі, Зеленов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының бас дәрігері қызметтерін атқарды.

2016 жылдың шілде айынан 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін Орал қалалық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы лауазымында болды.

Осы аптада сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов Қостанай облыстық сотының жаңадан тағайындалған төрағасы Анатолий Смолинді қашықтан таныстырды.

«Анатолий Смолин сот жүйесінде 31 жыл жұмыс істеген, ол екі аудандық соттың төрағасы, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының алқа төрағасы, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болған, ҚР Жоғарғы Сотының Қадағалау алқасын басқарған, сондай–ақ ҚР Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Оның сот жүйесіне сіңірген барлық еңбегін, тәжірибесі мен білімін ескере отырып, Мемлекет Басшысы А.Смолинді осы лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдады», - деп жаңа қызметіне табыс тілеп, түйіндеді Ж.Асанов.

Қостанайда, сонымен қатар Шығыс Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің жаңа басшыларын жеке құрамға Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет полковнигі Жанат Ешмағамбетов таныстырды.

Президент Әкімшілігінің келісімімен Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы лауазымына бұған дейін осы облыстың полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымын атқарған Жанболат Қалетаев тағайындалды.

Жанболат Қалетаев - Шығыс Қазақстан облысының тумасы.

Ішкі істер органдарында 1994 жылдан бері қызмет етеді, өңірлік полиция департаментінің бөліністерінде біраз жылдары басшылық лауазымдарда болған.

Осы бұйрықпен Қостанай облыстық ҚАЖ департаментінің бастығы қызметіне Абай Қайырбеков тағайындалды.

Абай Қайырбеков ішкі істер саласындағы қызметін 1998 жылы Қарағанды облысында аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі болып бастаған.

Көп жылдар бойы Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында қызмет атқарған. Соңғы атқарған лауазымы - министрліктің өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары.

Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы қызметіне Әділ Қожықов тағайындалды.

Әділ Қожықов 1978 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінде ғылыми қызметкер болып бастаған.

Әр жылдары ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саясат және талдау орталығында жұмыс істеген.

2005-2011 жылдар аралығында ҚР Президентінің Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған: Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының аға сарапшысы, Ақпараттық-талдау орталығында сектор меңгерушісі, Баспасөз хатшының орынбасары, Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болған.

2011-2012 жылдары - ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі «Телекоммуникация саласындағы техникалық сүйемелдеу және талдау орталығы» РМК директорының орынбасары.

2013-2014 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі.

2014 жылғы сәуір - 2016 жылғы қыркүйек аралығында «Талдау және ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры лауазымын атқарды.

2016 жылғы қазан-желтоқсан аралығында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі болды.

Одан кейін Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты комитетті басқарып, соңғы уақытта ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып еңбек етті.

Өтіп бара жатқан аптадағы айтулы тағайындаулардың бірі – Майра Мұхамедқызының Шымкент қалалық опера және балет театрының басшысы қызметіне келуімен есте қалды.

Майра Мұхамедқызы - ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі.

1969 жылы 9 мамырда ҚХР-да дүниеге келген. Бейжің Ұлттар университетінің музыка факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Бейжің Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген.

Репертуарындағы көптеген шығармалар Қазақстан сахнасында бұрын соңды орындалмаған.

Опералық және концерттік репертуарын асқан талғампаздықпен таңдап, үлкен еңбекқорлық пен ізденістің үлгісін көрсетіп келеді.

Сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трумовтың өкімімен Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне Қанат Жұмабаев тағайындалды.

Қанат Қошқарбайұлы 1976 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген.

Спорт жаттықтырушысы, дене шынықтыру оқытушысы, заңгер мамандықтары бойынша үш жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 1999 жылы Түпқараған ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо және қазақша күрес тобының жаттықтырушысы болып бастаған.

2001 жылы Түпқараған ауданы дзюдо және қазақша күрес БЖСМ директорының орынбасары қызметін атқарды.

2015 жылға дейін мәдениет, дене шынықтыру және спорт салаларында әртүрлі лауазымдарды, соның ішінде бөлім бастығы лауазымын атқарды.

2015 жылы Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болды.

2019 жылдан бастап Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Соңғы жаңалықтар